Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Кашаку Г. Шығыстық мерейгер журналист-жазушылар

«Менің мамандығым екеу ғана: бірі – журналистік, екіншісі – жазушылық. Демек мен қос моторлы самолетке ұқсаймын...» [1, 411 б.]  - дейді Әзілхан Нұршайықов. Ол өзі айтқан мамандықтардың тізгінін қатар ұстаған.  Ал Әз-атамыздың замандас әрі жерлес бауырлары Мұқан Әбуғалиев, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллаұлы мен Әлібек Қаңтарбаевтар да сондай мамандықтың иелері.

Олар Қалбатау, Айыртау және Алтай тауларының баурайында, яғни қазіргі Шығыс Қазақстан облысы өңірінде дүние есігін ашқан. Әзілхан Нұршайықов пен Мұқан Әбуғалиев бұрынғы Семей облысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысында)  дүниеге келген. Нақтыласақ, Әзілхан ата Жарма ауданының Ақбұзау ауылында, Мұқан аға Семей қаласының өзінде өмірге келіпті. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының Тұяқ аулында Тұрғазы Нұқаев, Шымқора аулында Серік Ғабдуллаұлы туыпты [2]. Әлібек Қаңтарбаев Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген [3].

Бұл қаламгерлердің арасындағы жас айырмашылығы 5 пен 25 жас  көлемінде. Мәселен,  1922 жылы Ә.Нұршайықов, 1927 жылы М.Әбуғалиев, 1937 жылы Т.Нұқаев пен С.Ғабдуллаұлы [2], 1947 жылы Ә.Қаңтарбаев [3] өмірге келген. Ендеше олардың барлығы  2012 жылғы  – мерейтой иелері.

Аталған қаламгерлердің мерейтойына орай мамыр айында Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының «Жастар» саябағындағы этнографиялық ауылда орналасқан қазақ жазушыларының павильонында «Шығыс Қазақстанның қазақ жазушы-журналистері» атты жаңа  көрме ашылды.

Көрермендер назарына жазушы-журналистердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, олардың фото суреттері, құжаттары, поэтикалық және прозалық жинақтары мен мемориалдық заттары ұсынылды. Көрме мұражайдағы қор коллекцияларының материалдары негізінде  әзірленген. Журналист-жазушылардың өздері мен олардың жақындары мұражай-қорық қорына берген сыйларынан аталған тұлғалардың жеке қорлары қалыптаса бастады. Сондай-ақ, бұл ретте кітап дүкендері мен жергілікті және республикалық баспалардан алынған материалдарды да атап өтуге болады.

2005 жылы алғаш рет Алматы қаласына жазғы экспедицияға барған мұражай-қорық қызметкерлеріне Әзілхан Нұршайықовтың өзі прозалық және поэтикалық жинақтарына қолтаңбасын қойып және мемориалдық заттары мен фото суреттерін тарту еткен. Аталған жәдігерлердің басым бөлігі 2006 жылы ашылған «Атамекен» экспозициясында қойылған болатын [5, 181 б.]. Мұқан Әбуғалиев пен Тұрағзы Нұқаевтың жеке қорларын қалыптастыруда Мұқан ағаның қыздары Сәния (Соня) мен Әлия, Тұрғазы Нұқаевтың жұбайы Роза Әділғазықызы мен ұлы Ерғазы Тұрғазыұлы көмектесті. Серік Ғабдоллаұлы мен Әлібек Қаңтарбаев мұражай-қорық қорына кітаптарын, фотосуреттерін, құжаттары мен мемориалдық заттарын тарту еткен. Орай келіп тұрған сәтте мұражай-қорық қорын толықтырушы жандарға алғысымызды білдіреміз.

журналист-жазушылар

«Шығыс Қазақстанның қазақ жазушы-журналистері» атты көрменің Серік Ғабдуллаұлы мен Әлібек Қаңтарбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бөлігінен көрініс.

Суретті түсірген: Ларионов М.М.

«Бойыңыздағы журналистік, жазушылық қасиеттердің қайсысы басым?» - деген сұраққа Әзілхан Нұршайықов: «Ең алдымен өзімді журналистпін деп есептеймін. Оның үстіне жақсы журналист жазушы ғой», - деп жауап беріпті [6, 4 б.].

Әзілхан Нұршайықовтың  журналистік қызметі Семей облыстық «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газетінде басталған. Одан кейін республикалық “Қазақстан пионері” (қазіргі «Ұлан»), “Социалистік Қазақстан” (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде және Павлодар облыстық “Қызыл ту” газеті мен республикалық “Қазақ әдебиеті” газеттерінде жалғастырған. Аталған басылымдарда қарапайым тілшіден бас редакторға дейінгі қызмет баспалдағында жемісті еңбек еткен. Жиырма жыл журналист қызметін атқарған Ә.Нұршайықовтың очерктері, хабарлары, корреспонденциялары, мақалалары, бас мақалалары, публицистикалары, суреттемелері, рецензиялары, фельетондары облыстық және республикалық газеттер мен журналдарда жарияланды  [6, 4 б.]. Ол тек қана аталған жанрларда жазып қойған жоқ, өзінің «Журналист лабораториясы» атты еңбегінде газеттің аталған жанрларына, «журналист» деген ұғымға түсінік беріп, ғылымның журналистика саласының теориялық проблемаларына  тоқталған.

Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі «Дидар» (бұрынғы «Алтай большевигі», «Коммунизм туы») газетінде М.Әбуғалиев, Т.Нұқаев, С.Ғабдуллаұлы мен Ә.Қаңтарбаев журналист ретінде қалыптасып, шеберліктерін шыңдап, кейінгі буынға журналисттік қызметтің  қыр-сырын үйретіп, алды 31 жыл, арты 14 жыл көлемінде еңбек еткен.

 

журналист-жазушылар

«Коммунизм туы» газеті журналистерінің КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевпен кездесуі. Фотосуретте солдан оңға қарай: бірінші қатар: 1- Мүсілім Құмарбеков, 2- Талаптан Иманбаев (мүсінші, суретші-ретушер), 3- Мұқан Әбуғалиев, 4- Жұмәділ Әділбаев, 5- Әлібек Дінішев, 6- Серік Ғабдуллин, 7- Оралхан Жайлаубаев. Екінші қатар: 1- Айтмұхамбет Қасымов,  2- Тұрсынхан Байхановтың жұбайы, 3- Бақыт Дүйсенбинова, 4- Бейбітгүл Жұмажанова, 5- Роза Қасымова. Үшінші қатар: 1- Тұрсынхан Байханов, 2- Ермұрат Бапиев, 3- Ольга Ардалиева (хатшы), 4- Тұрғазы Нұқаев, 5- Суханберді Оразалиев, 6- Ораз Жүнісов, 7- Оспан Құранбаев, 8- Ақан Мұхамадиев, 9- Гүлмайра Юсупова (машинистка). Төртінші қатар: 1- Қапан Сапарғалиев, 2- Уәлихан Тоқпатаев, 3- Орынбасар Айтқазинова (шаруашылық бөлімінің меңгерушісі), 4-Голубев Александр (жүргізуші).

1943 жылы Мұқан Әбуғалиев курьерлік қызметпен редакция табалдырығын аттаған. Кейін қолына қалам алып, облыстық "Коммунизм туы" мен «Знамя коммунизма» газеттерінің бас редакторы, редакторы қызметтеріне дейін көтеріліп, жемісті еңбек еткен. Одан кейін республикалық "Социалистік Қазақстан" (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі (1965-1990) қызметін атқарған [7]. Журналист Мұқан Әбуғалиев 47 жыл облыстық және республикалық басылымдарда газеттің очерк, фельетон, әңгіме, мақала, хабар, репортаж жанрларында облыстың мәдениеті, медицинасы, металлургиясы, жеңіл өнеркәсібі, ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктері мен түйткілді мәселелерін оқырманға жеткізді. Осылайша облыстағы әйгілі азаматтар (Александр Протозанов, Ахат Сәлемхатұлы  Күленов, Зәріпхан Дәукеев, Б.Э.Рейш, Т.Кенжебаев және т.б.) және қарапайым еңбек адамдарының қызметтеріндегі табысты тәжірибелерін өзгеге үлгі етті. Өскемен мен Лениногор қалаларының өркені жайында және облыстық «Коммунизм туы» газеті мен Рахман қайнары шипажайының тарихынан сыр шерткен мақалаларын оқырман қауымға ұсынған.

1966 жылы Тұрғазы Нұқаев пен Серік Ғабдуллаұлы облыстық «Коммунизм туы» газетіне қызметке орналасқан. Тұрғазы Нұқаев әуелде әдеби қызметкер, содан кейін редактордың орынбасары қызметін 1997 жылға дейін, кейін  «Казцинк» ашық акционерлік қоғамында «Казцинк жаршысы» газетінің редакторы болып еңбек етті [2, 230 б.].

Серік Ғабдуллаұлы 1990 жылға дейін еңбек етен. Жазушы-журналист ағаның газеттегі еңбек жолы туралы автобиографиясындағы дерегіне жүгінейік: «кіші әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі журналистік жолда кәсіби мамандығын ұштап, табиғи талантын таныта білді, кейін әдеби-мәдени, қоғамдық  «Ақ Ертіс» журналының бас редакторы (Өскемен қаласы) болып қызмет атқарады. Өндірісті қаланың өнеркәсіп, құрылыс, транспорт, білім беру мен мәдениет салаларына елеулі үлесін қосты. Қарапайым металлург, құрылысшы, жүргізуші, кенші, дәрігер, мұғалім, тағы басқа салалардағы еңбек адамдарының табыстарын насихаттап, халық шаруашылығы салаларындағы кемшіліктерді сын тезіне салды. Ол газет жанрының қарапайым түрі-хабардан бастап, суреттеме, репортаж, сұхбат, очерктерді бірдей меңгерді.

Сондай-ақ, ол «Коммунизм туы» газетінде ай сайын тұрақты түрде «Жас дәурен» бетін ұйымдастырып, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосты» [8].

1997 жылдан 2011 жылға дейін Әлібек Қаңтарбаев Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің руханият бөлімінде арнаулы тілші, сонан кейін экономика, руханият бөлімдерінде редактор қызметін атқарды. Қазіргі шақта «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының республикалық «Дала мен қала» газетінің Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқаруда [3]. Әлібек Қаңтарбаев облыстың әдеби және мәдени өмірі, өнері, экономикасы, құрылысы, ауыл шаруашылығы салалары жайындағы материалдарын оқырман қауыммен газеттің очерк, мақала, суреттеме, публицистикалық эссе, интервью, реквием жанрларында бөлісуде.

Аталған тұлғалардың барлығы да облыс, республика оқырмандарына ақын ретінде танылған. Мәселен,  Әзілхан Нұршайықовтың елуге тарта өлеңі сұрапыл соғыс жылдары І атқыштар дивизиясының құрамына енген 100-дербес атқыштар бригадасында шығатын газетте басылым көрген [6, 4 б.]. Тұрғазы Нұқаев пен Серік Ғабдуллаұлы да газет бетіне алғаш өлеңдерімен келген.

Мұражай-қорық қорында Тұрғазы Нұқаевтың газеттерде жарияланған өлеңдерінің қиындыларынан жинақталған дәптері бар. Дәптердегі қиындылардың басында Т.Нұқаевтың газетке жариялаған бір топ өлеңіне тілеген Әбдікәрім Ахметовтің сәт-сапары тұр: «Жыр жолы жүйрік, шығар шыңы биік, талабыңды талдырма, өнер өріне шырқай бер, Тұрғазы!» [9]. «Коммунизм туы» газетінің редакциясы Серік Ғабдуллаұлының алғаш жарияланған өлеңдеріне сәт сапар тілеген, ол қиындыларда мұражай-қорықта бар.

Журналист-жазушы ағалар өз туындылары арқылы өскелең ұрпақты өмірді жақсы көруге үгіттейді және әр адам өз өмірінің иесі, оны мәнді де сәнді ету өздерінің қолында екенін айтады. Мәселен, Мұқан Әбуғалиев «Өмір өзгереді, дүние жаңарып, жасарады. Оны жасартушы, жасаушы адам» [10] - дейді. Осылайша өмірге оң көзқараспен қарап,  әр адам өз өмірін мәнді етуге талпынып еңбектенсе, сол өмірден өзіне лайықты орынды табатынын меңзейді.

Мәнді өмір сүрудің кілті – достықта, еңбекте, ақылда, әділдікте, арда, ұятта, намыста, сенім мен үмітте. Оны журналист-жазушы ағаларымыз өз шығармаларында жалпылама да әрқайсысын бөліп көрсетіп, талдап та жазған.

«Ұқтырады, ұқпасаң,

Ұстаз - өмір жетегі.

Шындық болып шықпасаң,

Тағдыр алдап кетеді» [4, 55 б.] - деп ақын Тұрғазы Нұқаев қалтарыс-бұлтарысы көп өмір атты жолдан адаспас үшін жастарды бойларына адалдықты серік етуге шақырады. Енді бірде:

Әз ақыл, еңбек, талабың

Болсын да адал серігің.

Шындықпен лаулат алауын

өмір – ұстаның көрігін [4, 30 б. ] – деп  өмірді ұстаға балай отырып, сол шебер ұстаның қолынан шыққан зерлі бұйым сынды зерделі жас болып ержету үшін қажеті – ақыл, еңбек, талап, шындық екенін баса айтады және оны жаныңа серік етуге кеңес береді.

Тұрғазы ақын «Достар» деген өлеңінде өмірден өзіңе шын достығы бар жанды серік етуді, ал нағыз досының жүрегіне сенімді серік етуді сұрайды. Жалпы адамдар ортасындағы достықты – бақытқа, сәнге, яғни үйлесімділікке балайды. Сөйтеді де, достықты шын достық пен жалған достық деп екіге жіктейді. Жалған достықты мынадай жыр жолдарымен әшкерелейді: «Достығы бар біраз күндік, қастығы бар көңілде», «Оздырады күндестігін тұрағы жоқ жалған дос...» [4, 46 б. ], ал шын достық туралы  айта келе былай түйіндейді: «қиянатсыз пәк көңілдер бірлігі» [4, 46 б. ].

«Бойкүйез жұрттың көзінде от пайда болыпты. От деп отырғаным – ертеңге деген Сенім мен Үміт қой. Жасаған содан айырмасын!» [11, 16 б.] дейді Әлібек Қаңтарбаев. Яғни, бойкүйездікті де, жалқаулықты да жеңетін күш тіршілік иесінің келер күнге деген сенімі мен үміті екенін ашып айтады. Адам баласы болашағын бұлыңғыр етіп елестетер болса, онда сенім мен үміттен айырылғаны. Сондықтан, өскелең ұрпақ Сенім мен Үміт атты қос қанатынан айрылмаса, өмір атты ұзақ жолда бағытынан адаспайды.

Журналист-жазушы әрі ақын Әзілхан Нұршайықов ағамыз жастарды «еңбекшіл болуға; арақ ішпеуге; махаббатта адал, өмірде тұрақты болуға» [1, 403 б.] шақырады. Және адамзаттың өз атына лайықты өмір сүруі үшін әділ, таза, сақ, арлы, ұятты, абыройлы, намысты және ақылды болуы керектігін өсиет етеді.

Адам деген атыңа,

Дақ түсірме – бақыт сол.

Әділ, таза, сақ жүру –

Адамдыққа тура жол... [1, 42 б.]

Ар – жаныңның сақшысы,

Ұят – тәнге күзетші.

Абырой – қорған, қамалың,

Намыс – ұлттық ізетші...

Ақыл – басшы бәріне,

Есептер әр қадамды [1, 48 б.].

Библиография:

1. КП 42-27525/1. Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы. – 2005. Т.1: Роман, әдеби портреттер, естеліктер. – 472 бет.

2. КП 41-27266 «Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр». Анықтамалық. – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2004-392 бет.

3. Қолжазба (?). Әлібек Қаңтарбаевтың өмірбаяны.

4. КП 27-23803 Тұрғазы Нұқайұлы «Ұлы даланың ұлымын». Өлеңдер, балладалар, толғаулар мен дастан. – Өскемен, 1995. – 177 бет.

5. КП 51-30346/2 Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы. - Өскемен: «Шығыс Полиграф» баспаханасы, 2008 – 260 бет.

6. КП 42-27525/7. Ә.Нұршайықов. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, - 2005. Т. 7. – 384 бет.

7. VKEMZ_KP_NV_ 16_9924 Личный листок по учету кадров М.Абугалиева. Өскемен, 1972. – 4 бет.

8. Қолжазба. Ақын Серік Ғабдуллаұлының ғұмыр дерегі.

9. КПнв 6-5828 Дәптер. Тұрғазы Нұқайұлының өлеңдері. Газеттерден алынған қиындылар. Өскемен, ХХ ғасырдың соңы.

10. КП 39-26844 Мұқан Әбуғалиев Өлімді жеңген өмір. Алматы, «Мектеп», 1984

11. Қаңтарбаев Ә. «Досыма хат». Эссе-реквием. - Өскемен: «Рекламный Дайджест», 2008 жыл. – 200 бет.

Гүлжан Кашаку,

ШҚО сәулет-этнографиялық

және табиғи-ландшафтық

мұражай-қорығының

сирек кітаптар мен икон жазу

бөлімінің кіші ғылыми қызметкері.

«Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» ғылыми-әдістемелік журнал

№ 1 (49) қаңтар 2013 жыл.

5-7 бет.