Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Естаева Г. Кілем тоқу - дәстүрлі кәсіп

Әзірбайжандықтар, өздерінше аталуы — әзербайджанлылар, әзерилер. Әзірбайжан тілі, түркі тобының алтай туыстас тілдері ішінде кіші оғыз тобына жатады. 1929 жылы әзірбайжан жазуы латын графикасына, ал 1939 жылы – кириллицаға, 1991 жылы – латын әліпбиіне қайта көшірілді.Әзірбайжан – ежелден өркениет ошағының бірі болып қалыптасқан тарихы бай, көне ел. Бұл аумақта әлем мәдениетінің қазынасына енген рухани мұра мыңдаған жылдар бойы қалыптасты. Оның бостандық пен тәуелсіздік рухына қанық ғажайып әдебиеті мен өнері көптеген ғасырлар желісімен жалғаса жасап келеді. Қазіргі Әзірбайжанның алып жатқан аумағын 8 ғасырдың басында арабтар басып алып, оларды Араб халифатының құрамына кіргізген.1918 жылы Әзірбайжан Демократиялық Республикасы жарияланды. 1920 жылғы әскери іс-қимылдардың нәтижесінде мұнда Кеңес өкіметі орнады. 1922 жылғы 30 желтоқсанда КСРО құрылып, Әзірбайжан КСР-і сол жаңа мемлекеттің құрамына кіреді. Кеңес үкіметі билік еткен жылдары экономиканың жаңа салалары пайда болды, әртүрлі деңгейдегі оқу орындары ашылды, орасан зор әлеуметтік-экономикалық және ғылыми әлеуеттер пайда болды.

Қазақстанға әзірбайжандарды жаппай қоныстандыру 1937 жылы НКВД бұйрығымен Нахичевань, Грузия, Әзірбайжан, Армения және Түркия, Иран сияқты елдермен шекаралас аудандардан оларды күштеп көшіргенде басталды. Екінші толқын көршілес Ирандағы 1952 жылғы азамат соғысынан туындады. Қазақстанға әзірбайжандықтардың жаппай қоныстануы 1958 жылы екпінді комсомол құрылыстары мен тыңды игеруге байланысты болды. Қоныс аударуға байланысты барлық қиындықтарды жеңе отырып әзірбайжан халқы өз тілі мен дәстүріне деген сүйіспеншілігін сақтап қалды, балалары мен немерелерін өсіріп, өрісі кеңіп, Қазақстанның толыққанды азаматтарына айналды. Қазақстанда  2012 жылдың санағы бойынша 85мыңнан астам  адам, ШҚО-да 1476  әзірбайжан ұлтының өкілдері өмір сүреді. Халық өзінің ұлттық және рухани құндылықтарын, тілін, дінін, салт-дәстүрін және алуан түрімен, өзіндік қасиеттерімен ерекшеленетін қолданбалы өнерін сақтай білді.

Әзірбайжан халқында дәстүрлі қолөнер түрлері – құмыра жасау, зергерлік, кәсіпкерлік, тері илеу, қағаз тоқымасы, т.б. жақсы дамыған. Ұлттық дәстүрдің бірі болып табылатын әзірбайжандық кілем тоқу өнерінің тамыры да тым тереңде жатыр.Орта ғасырда М.Гейдаровтың мәліметі бойынша Әзірбайжан қалаларында  кәсіптің 45 түрі дамыған. Р.Эфендизаде  ХІХ ғасыр басында Нуха қаласында (қазіргі Шеки) қолөнердің 37 түрі дамыды, оның ішінде үлкен орынды тоқу, кестелеу және жібек өндіру ісі алды деп атап өтеді.  В.Григорьевтың мәліметі бойынша, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында тек ордубад базарында 85 сауда лавкасының 30-да әртүрлі кәсіп түрімен айналысқан. Бұған тағы бір мысал бола алатын Әзірбайжанда  әртүрлі кәсіптерге маманданған 52 елді мекен болған: Демирчилер-ұсталар, Дерзилер-тігіншілер, Папагчылар-бас киім тігушілер және тағы басқалары. Әзірбайжан қалаларында ерте уақыттан бері кәсіпкерлер көше бойында орналасқан. Бұл көне дәстүр ХХ ғасырға дейін жетті, әсіресе Баку, Шеки, Гянджа, Нахчыван, Шамаха, Лагич, Баскала қалаларында орын алды.

Кілем тоқу.

Кілем тоқу ісі Әзірбайжанда ерте уақыттан бері қолданбалы сәндік өнердің бірі болды. Археологиялық ескерткіштерге жүгінсек бұл кәсіп әзірбайжанда көне  кезде пайда болды. Әзірбайжан кілемдері бұл елдің мақтан тұтатын кәсібі еді. Кілемдер осы уақыттан бері өздерінің бай әрі қанық түстері және бейнелерімен танымал болды.  Көптеген ғасырлар бойы әзірбайжан кілемі өзінің ерекшелігі мен ұлттық нақыштылығын жоғалтқан жоқ.  Кілем тоқу кәсібінің ерекшелігі әртүрлі орталықтардағы кілемдер бір-бірінен көркемдігімен айрықша болып табылады. Қазіргі таңда 150 түрлі бейнелер  қолданылатын кілемдер өндіріледі. Кілемдерді Әзірбайжан ертеден бері әйел адамдар тоқыған. Жүнді дайындау жүйесі жуудан, тараудан, иіру және бояаудан тұрады. Кілемдерді тоқу қыс уақытында жүргізілді, егістік жұмыстары аяқталған соң. Көбінесе  тоқу үшін көлденең (едендік) және тік (тықыр) тоқу станоктарын қолданған.

Тықыр кілемдер.

Әзірбайжанда ерте уақыттан бері тықыр кілемдерді тоқу орын алды. Үй іші мен шаруашылықта тықыр кілемдер жеңіл және үнемді болғандықтан кең қолданылды. Бұндай кілемді дайындауға аз уақыт кетті. Олар әртүрлі  мақсаттарда қолданылды.

Тықыр кілемдердің даму технологиясы кілем тоқу ісінің эволюциясын көрсетеді. Қарапайымнан күрделіге  даму сатысы кілем ісінің жоғары сатыға жеткенін көрсетеді. Тықыр кілемдерге жататындар - четен, хесир, палас, килим, верни, сумах және басқалары. Оларды дайындау барысында шеберлер жүн, мақта–мата, жібек жіптерін, сонымен қатар қамыс сабақтарын қолданған.

ЧЕТЕН. Бұл  кілемнің карапайым әрі көне түрі. Четенді дайындайтын негізгі орталықтардың бірі Әзірбайжанның  солтүстік-батыс ауданы және Муган даласы. Четендердің екі: қарапайым және ою өрнекті түрлері болды. Оны дайындау үшін басты шикізат қамыс немесе ағаштардың құрғақ бұтақтары қолданылды. Қарапайым четендер алачыгтардың (маусымдық лашық) сыртқы бөлігін жабу үшін, ал ою өрнекті четендер бөлменің ішін сәндеу, төсеніш, перде, шымылдық  ретінде пайдаланды.

ХЕСИР. Дайындаудың негізгі орталықтары елдің оңтүстік-шығыс аудандары - Джалилабад, Масаллы, Лянкяран, Астара.  Хесирді көбінесе құрғақ қамыс бұтақтарынан, арнайы  көлденең және тік станоктарда дайындады.   Өнімнің ұзындығы кейде 5-7 метрге дейін жеткен. Хесирлер көбінде төсеніш және еден өрмелері ретінде пайдаланылды.

ПАЛАС. Тықыр кілемдердің ең көп таралған түрі. Ол Әзірбайжанның бүкіл мекендерінде дайындалады.  Оны дайындауда жүн және мақта-мата жіптері қолданылады. Алайда ертеректе Әзірбайжанда жібек жіптерден тоқылған паластарда болғанын  жазба деректері мәлімдейді. Палас кілемдермен алачыгтың еденін жабуға, сонымен қатар перде, шымылдық ретінде де қолданған. Кейде палас киім тігуге де пйдаланылды.  Ерекшке паластардың түрі чийлер болды, олар ертеден бері бакулық ауылдарда Гюздек, Ходжагасанлы және  Гобу территориясында дамыды. Өнімде ақ жіптер мен геометриялық өрнектер түсіріледі.

ДЖЕДЖИМ. Негізгі өндіру орталықтары Ширван, Гарабахтың жазықтау мекендері, Лямберан, Хамралгаддин, Агджабеди, және  Нахчыван, Зангилан, Джабраил мен  Ордубад. Джеджим  кілем тоқу кәсібі көне уақытқа жатады, онда негізінен  әйел адамның еңбегі қажет еді.  Көлденең едендік және тік станоктарда тоқылды. Техникалық жағынан джеджим және палас ұқсас болып келеді.  Айырмашылығы тек паластың әртүрлі жолақтары көлденең, ал джеджимда тігінен орналасады.  Ені 50 см болғанымен ұзындығы 3-5 метрге дейін жеткен. Кілем кәсібінің дамуының бастапқы уақытында джеджимдер шаруашылықта кең қолданылды. Олардан жастықтар, көрпешелер, асжаулықтар, жапқыштар,  сонымен қатар қоржындар, белбеулер, тұзға арналған қапшықтар дайындаған. Жүн жіптермен қатар жібек жіптерден тоқылған джеджимдер байлықтың көрсеткіші болды, оларды үй ішін сәндеу үшін пайдаланды.

ШЕДДЕ. Дәстүрлі тоқу орталықтары  болып саналатын  – Джабраил, Лямберан, Губадлы, Лачин және  Кяльбаджар.  Шедденің торлы өрнектері үлкен түрлі түсті төртбұрыштардан тұрды.  Шедденің танымал өрнектерінің бірі  «Девели» – бірнеше көлденең қатарда солдан оңға қарай бейнеленген  түйе керуенінің суреті.

КИЛИМ. Ғалымдар килимді бес аймаққа жатқызады: Газаху, Гарабаху, Абшерону, Ширвану және Тебризу. Әр аймақтарда  тоқылған кілемдер өздерінің ою өрнектерімен ерекшеленеді, көбінде бұл әр түрлі пішіндегі геометриялық сипаттағы ою өрнектер. Кейде бірнеше технологиялар қолданылады.

ЗИЛИ, ВЕРНИ тықыр кілемдердің түрлерінің бірі. Кең тараған мекендері  Ширван, Абшерон және  Хызы, Тебриз, Газах және Гарабах. Абшерондың  зилиді адам, жануарлар мен құстардың бейнелері, геометриялық сипаттағы өрнектер мен  «бута» ұлттық оюы әшекейлейді. Негізі жұқа, жұмсақ және кішкентай өлшемді болып келеді.  Ал Гарабах және  газахтық өнімдер үлкен өлшемдерімен 3х5 танымал.  Мұнда басты әшекей өрнегі S пішініндегі  қайталанатын өрнектер тоқылды.  Бұл көне түрік аңыздарында судың нышаны болған айдахардың бейнесі деп анықтайды зерттеушілер. Верни мен зили кілемдерінің ішкі жағы мен айналым жағында бірдей бейнелер түседі.

Ою-өрнектердің географиялық орны, өрнектердің ерекшеліктері, түстердің қанықтылығына, техникалық ерекшеліктеріне қарай әзірбайжандық кілемдер 7 кілем тоқу кәсібіне маманданған мектептерге бөлінеді:

  1. Губиндік;
  2. Бакулық және Абшерондық;
  3. Ширвандық;
  4. Гянджалық;
  5. Газахтық;
  6. Карабах;
  7. Тебриздік.

Көп түстілік - әзірбайжан кілемдерінің айрықшылығы. Негізінде бояауды анар кабығынан, інжір жапырағынан, сарымсақтың, өріктің, алманың қабығынан, ағаштардың әртүрлі жапырақтарынан  алған. Ең кең таралған бояау ойранның тамыры болды. Ойран тамырынан қызыл бояау алынған шөп.

Кілем тоқу кәсібі жетекші орын алатынына тағы бір мысал ретінде әлемдегі бірінші Лятиф Керимов атындағы әзірбайжан кілемі және қолданбалы өнерінің мемлекеттік мұражайы 1967 жылы ашылған.   Мұражай қорында 10 мыңнан астам бағалы қол өнер бұйымдары сақталған. Лятиф Керимов «Азербайджан халчасы» атты монографияның авторы болып табылады.

Көне дәстүр бойынша кілем – әзірбайжан халқының үй ішінің сәндік заттыраның бірі еді. Бұған қоса бұл еліктірер бейнелер мен ұлттық әдемі,  дәстүрлі  музыкалық өрнектерді бойына сіңірген өнер түрі.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Гейдаров М.Х. «Ремесленное производство в городах Азербайджана» XVII в. Баку, 1967, 200б.
  2. Гасанов Аршад  Гасаноглы, «Развитие ремесла в Азербайджане в средине XVII века (по данным «Путешествия» Ж.Б.Тавернье)». Аспиранттар мен докторанттардың ғылыми басылымдар журналы. http://www.jurnal.org/articles/2010/hist1.html
  3. АЗЕРБАЙДЖАНЦЫ: Историко-этнографический очерк.
  4. Рахмани А.А., «Азербайджан в конце XVI и в XVII вв. (1590-1700 гг.)». Баку, 1981, 238б.
  5. Народы Казахстана. Энциклопедический справочник. Алматы: «Арыс». 2003,343б.
  6. Щукина Ю.А. «Азербайджан», Баку: «Вокруг света», 2009ж.,260б.

7.     http://www.advantour.com/rus/azerbaijan/handcrafts/embroidery.htm

8.     http://azerbaijan.orexca.com/rus/azerbaijan_tradition.shtml

9.     «Азербайджанские ковры», Баку: «Ишыг», 1981ж.

10.    «Государственный музей азербайджанского ковра и народно-прикладного искусства», Баку: «Коммунист»,1976ж.

Гүлім Естаева

«Достық – Дружба», 2013 ж., №1