Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Мұратханов Е.М. Саз қол-өнерінің шебері Юсупов Сұхроб

Қол өнер ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Жалпы қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Осы қолөнердің арқасында әр ел, әр халық тарихи  даму жолында, тұрмысында, тарихи ерекшелігінде және эстетикалық талғамының өркендеуінде өшпес із қалдырып келеді.

Қолөнердің көптеген түрі бар. Соның ішінде сөз қозғайтынымыз көнеден келе жатқан саз өнері болмақ. Бұл өнердің құндылығы, қанша ғасыр өтсе де адамзат тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, мәдениетіміз бен салт – дәстүрімізге өз үлесін қосып көркейтуде.

Кейбір деректемелерге сүйене отырып жалпы саз жайлы айтатын болсақ, ол жады мықты, тілін тапса сөйлей жөнелетін тірі организм делінген. Оның бір қасиеті жылдар өтседе сыр-сипаты мен пішінінің еш өзгеріссіз сол қалпында сақтап қана қоймай ыстыққа да суыққа да өте төзімді зат. Себебі қыштан жасалған заттардың бір қасиеті, оттың қызуы күшейген сайын құрамы берік бола түсетіні мәлім. Біз оны тандыр пештер арқылы білеміз.

Орта Азия мәдениетін терең меңгеріп, саз өнерінің сан мыңжылдық сырын ұққан, саз балшықтан сан қилы өнер туындысын дүниеге әкелген, бұл өнерді атадан балаға мирас қылып кәсіп еткен өзбек шебері Юсупов Сұхробтың еңбегі жайлы сөз қозғалмақ.

 «Әке көрген оқ жонар» демекші ата-бабадан мирас көріп, көзінің қарашығындай сақтап жалағастырып келе жатқан сазшы шебер Сұхробтың қолөнер туындылары өзбек жерінде ғана емес, қазақ елім шырайлы шығысым Өскемен қаласына да табан тіреген екен.

Саз қолөнерін кәсіп қылған Сұхроб алғаш рет 2000 жылы көрме ұйымдастырды. Сол көрменің бір шеті елімізге 2012 жылы мамыр маусым айларында аяқ басып, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының ұйымдастыруы мен мемлекетаралық көрме аясында өткізілді. Көрмеде шебердің қолынан шыққан тамаша өнер туындылары қойылды. Олар осы уақытта мұражай қорында сақталып тұрған әр-түрлі шайға арналған пиалалар мен шәйнектер, жеміс салғыштар, балық салғыштар, сорпаға арналған пиала мен үлкенді кішілі тәрелкелер және тағыда басқа асүй ыдыстары.

Мұражай қорғының ұйғарымымен 2013 жылы құрылған «Жібек жолы экспозициясы» бөлімінде бұл заттар толығымен өз пайдасына кәде етті. Мұражайдың солжағалаулық кешен аумағындағы арнайы тұрғызылған «Жібек Жолы» кешенінде, Орта Азия халықының мәдениетін дәріптейтін бұхарлық әмір сарайында «Жібек Жолы мұрасы» атты экспозициялық көрмеде Сұхроб шебердің өнер туындылары орын тапты. Сонымен қатар көрмені жетілдіру барысында тапсырыспен шебердің қолынан шыққан биіктігі 87, 83 және 89 см болатын үш құман (хұм) алынды.

Қыш құмыра бұйымдарын жасау дәстүріндегі техника ережесін бұлжытпай  орындау барысындағы, қалыптау, кептіру, күйдіру және қолмен өңдеу әдісін мейлінше шеберлікпен орындағаны байқалады.

Әмір сарайының алаңқайында орын тепкен бұл құмандар ертеде сусын немесе астық сақтауға болатын ыдыс екені көрсетілген.

1979 жылы Өзбекстан Республикасының Ферғана алқабындағы Риштан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген Сұхроб бала күнінен саз өнерінің қас шебері, 1945 жылы дүниеге келген әкесі, Усто-Шараф-атдиннің шәкірті болып өсті. Отбасында Сұхробтың осы өнер жолына бой ұрған екі аға інілері мен, ұстаздық етуге жалықпаған әпкесі бар. Сухроб сонымен қатар Өзбекстан мемлекеттік шетел тілдері университетінің филолгия мамндығының жоғарғы білімнің иегері.

Шебердің сөзіне келсек, Риштан қаласында саз қолөнерінің тізгінін ұстаған бұл әулетті білмейтіндер кемде-кем. Әулетке тән қолөнеріндегі өзіндік бір стилдік ерекшелігі бар екен, олар жасалған ыдыстағы көгілдір және жасыл түстес бояудың болуы және геометриялық кескіндердің айқындылығы болып табылады.

Адамдар алғашқы қауымдық кезеңде өздеріне тұрмыстық қажеттілігіне байланысты саздан түрлі заттар жасаған. Оларға сусындарды құйып, сондай-ақ астық немесе азық-түлік сақтайтын құмыралар ыдыстар болған. Құмырада заттар бұзылмай, ал сұйық тағамдар ашымай табиғи қалпын ұзақ уақыт сақтаған. Мысалға грузин халқы шарапты осындай ыдыстарға ұзақ жылдар сақтауды дәстүр еткен. Ал қазақ ата-бабамыз қымыз, шұбат, сүт секілді сусындарды торсықтарда ғана емес сондай-ақ осындай құмыраларға құйып қоюды жөн көрген.

Бұған дәлел ретінде сонау КСРО заманы 1927 жылдан бастап оңтүстік Қазақстан аумағында М.Е.Массон (Массон Михаил Евгеньевич 03.12.1897 Санкт-Петербург – 02.11.1986 Ташкент. Археолог, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, проффессор (1949ж) Түркіменстан ҰА-ның академигі, (1951ж) ОА жүргізілген жүзден астам тарихи археологиялық зерттеулерге қатысты. Ортағасырлық Кушан, Термез, қаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарын басқарды. Ташкенттегі ОА университеті археология кафедрасының меңгерушісі. Қожа Ахмет Иасауй кесенесіне архитектуралық тұрғыда алғаш зерттеу жүргізді) бастаған  қазба жұмыстары барысында табылған, көптеген  қыш құмыралардың құрамында биологиялық сүттің немесе сусындардың құрамдық қабаттары мен қабыршықтары молынан кездесуі. Тараз, Түркістан қалары аумағындағы археологиялық экспедицияларын жүргізген ғалымдар ол жөнінде көптеген деректер қалдырған.

Ұлы Жібек Жолы тарихында зор рөл атқарған Қарахандар билігі кезінен бастап Орта Азиялық мәдениеттің барынша көркейіп дамуына үлес қосып, ірі сауда орындарына айналған Самарқанд, Бұқара сияқты қалаларда қыш құмыра қолөнерінің шеберлері, өз кәсіптерін дамытып барынша айналымға салды. Көненің көзі деп ұққан Сұхроб азаматтай саз шеберлері бұл мәдениетті тарихтан тағатын таусылтпай, кәсіп жасап, қазіргі заманда да жалғастыруда.   

Осындай қыш құмыра қолөнерінің туындыларын тамашалаймын деушілер кез-келген уақытта облыстық мұражай – қорығында орналасқан «Жібек Жолы» кешеніне қалаған уақытта келіп көзайым болуына есік әрдайым ашық.

Авторы:

ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы, «Жібек Жолы» экспозициясы» бөлімінің маманы Мұратханов.Е.М

ИКОМ Қазақстан  2015  №6