Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Кашаку Г. Қайым Мұхамедханов – Николай Карамзиннің «Бедная Лиза» повесінің аудармашысы (әдеби параллельдер)

1954 жылы танымал жазушы Қайым Мұхамедханов орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің «Бедная Лиза» повесін қазақ тіліне аударды. Қаламгердің ақиқат жолынан адастырмайтын  темірқазығы, рухани ұстазы Абай дәстүрімен қара сөзбен жазылған шығарманы өлеңмен аударғаны жөнінде зерттеушілер М.Сұлтанбеков [1], А.Белякина [2] және А.Смағұловалар [3] жазды. Аударма туралы филология ғылымдарының кандидаты М.Сұлтанбеков: «Продолжая традицию, заложенную Абаем и Шакаримом, Каюм Мухамедханов сделал полный художественный перевод в стихотворном варианте известного произведения Н.Карамзина «Бедная Лиза» - «Сормаңдай Лиза», причем казахское название звучит исключительно оригинально и адекватно» [1] - деген пікірін білдіреді.

 Б.К. Исин  Абайтанушы-жазушы Қайым Мұхамедханов жұмыс үстелінде  Кенеп, майлы бояу  2015 жыл  КП 78-37215

  Б.К. Исин

Абайтанушы-жазушы Қайым Мұхамедханов жұмыс үстелінде

Кенеп, майлы бояу

2015 жыл

КП 78-37215

 

1966 жылы қазақ оқырмандары Cемей қаласында шығатын «Семей таңы» газеті арқылы «Сормаңдай Лиза» шығармасымен танысқан еді. Ол газеттің 27 қарашадан 14 желтоқсан аралығында шыққан 6 нөміріне [4] бөліп берілген. Одан кейін, жазушының «Көптомдық шығармалар жинағының» 7-томына және «Тарта көр Семейімнің топырағы» атты шығармалар жинағына енген.

Жас орыс жазушысы Николай Михайлович Карамзин кезінде «Сормаңдай Лиза» повесі арқылы халыққа танылады. Ол сентиментальдық бағытта жазылған, әрі қаламгер қаламынан шыққан тұңғыш көлемді шығарма еді.

1792 жылы Николай Карамзин «Сормаңдай Лиза» повесін өзі редактор болған «Московский журнал» басылымына жариялайды. Жазушының замандастары қалдырған естеліктерге қарағанда, қаламгер әйгілі повесін Симонов монастырі жанындағы Бекетовтың саяжайында тұрған уақытында жазғанға ұқсайды [5].

 

 Дж.Б. Дамон-Ортолани. Николай Михайлович Карамзин  Кенеп, майлы бояу  1805 жыл  Мәскеу, А.С.Пушкин музейі [6, 147 б.]

 Дж.Б. Дамон-Ортолани. Николай Михайлович Карамзин

Кенеп, майлы бояу

1805 жыл

Мәскеу, А.С.Пушкин музейі [6, 147 б.]

 

Жазушы шығарманың оқиға желісін Еуропаның ғашықтық әдебиетінен алып, орыс әдебиетіне сай суреттеген [5]. Повесть тақырып жағынан кейбір қазақтың лиро-эпостық жырларының оқиға желісімен үндес келеді. Екеуінің де тақырыбы – махаббат, екі ғашықтың арман-мұңы, қасірет-зары. Кейіпкерлері – ғашық, нәзік сезімді жандар. Ортақ белгі – екі жастың қосыла алмай трагедияға ұшыраған тағдыры. Айырмашылығы – егер лиро-эпостық жырларда екі ғашықтың бақытына ата-аналарының қарсылығы, қызға ғашық үшінші жанның жауыздығы, не ру араздығы кедергі болатын болса, Карамзин повесінде қос ғашықтың бақытына кедергі – тап тартысы емес, жас жігіттің опасыздығы. Ғасырлар бойы ғашықтық жырларын ақын-жыршылар жырлап, олардың махаббат оқиғаларына өз көзқарастарын қосып жеткізіп отырды. Ал, жазушы Н.М.Карамзин болса повесінде өзі әңгімелеуші кейіпкер ретінде бірінші жақтан сөйлеу арқылы орыс әдебиетіне жаңалық әкелді. Қаламгердің орыс әдебиетіне әкелген тағы бір жаңалығы: повесте оқиға желісінің бірнеше жерде өтуі,  бұдан бұрын орыс әдебиетіндегі шығармалардың оқиғасы «бір ғана елді мекенде» өтетін [5]. Мәселен, жазушы повестегі оқиғаның Мәскеу қаласының өзінде және төңірегінде өткенін жаза келе, Симонов пен Данилов монастырьлерін және Воробьев тауларын суреттейді. Кейіннен, Симонов монастырі жанындағы  тоған Лизаның есімімен аталады [5]. Ал, лиро-эпостық жырларда оқиға желісі бірнеше жерде өте береді. Сондай-ақ, эпос кейіпкерлерінің есімдерімен аталған жер-су аттары да көптеп кездеседі. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырындағы Баян сұлудың есіміне байланысты қойылған жер-су аттары өте көп [7].

Н.Карамзин өзінің  «Сормаңдай Лиза» повесінде қарапайым шаруаның да ғашық бола білетіндігін, махаббаттың адамзатқа берілген сый екенін жазады. Жазушы қам көңіл ананың сүйген жарына деген сағынышын, табиғатқа деген тамсанысын, албырт жас Лизаның жел мінез дворян Эрастқа деген пәк сезімін зор ыждаһаттылықпен шебер суреттейді [8].

Қайым Мұхамедханов көркем  шығарманы аударғанда өз жанынан суреттеу және баяндаулар қосқанын байқаймыз. Мысалы, «Но всего приятнее для меня то место, на котором возвышаются мрачные, готические башни Симонова монастыря» [8, 689 б.] – деген  сөйлемді автор былай аударады:

Ерекше көз тартатын жаным сүйіп,

Симонов монастырі тұрған биік.

Тұнжырап, мұңға батып мұнарасы,

Тұрғандай шерге толып, тартып күйік [9, 68 б.].

Осылайша, жансыз дүниеге жан бітіріп, адамға тән сезімдер арқылы қаңырап, бос, қараусыз қалған монастырьдің күйін суреттейді.

Мұратбек Бөжеев «Евгений Онегин» Абай аудармасында» атты мақаласында «Өз халқының ұғымы, түсінігі, сезімімен санасу – Абайдың өте-мөте құнттаған мәселесі, тыңнан өлең жазсын, не басқа ақындардың өзі ұнатқан шығармаларын аударсын, қашан да жазғаны өтімді, халық ұғымына жатымды, көпшілікке түсінікті болу жағын қатты ескеріп, ел санасы ұғымынан қашық кетпеу ісіне көп назар салады» [10] - дейді. Бұл ерекшелікті Қайым Мұхамедхановтың да еңбегінен кездестіре аламыз. Мәселен, дәрменсіз, қам көңіл ананың қызына құдайдан күш-қуат, бақ-береке тілеуін суреттей келе, мына бір өлең жолдарын келтіреді:

Ата хақын, ананың сүтін ақтап,

Қарағым дамылы жоқ жүр тықақтап [9, 72 б.].

Карамзиннің повесінде «Ата хақын, ана сүтін ақтау» деген түсінік жоқ. Бұл жолдарды автор қазақы менталитетке сай келуі үшін өзі қосқан. Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша ата-ана алдындағы баланың парызын өтеуін осылай атаған. Дегенмен, ата-ананы ардақтамайтын халық та жоқ болар.

Кейде жазушы шығармада кездесетін діни ұғымдарды өз мағынасына сай келетін қазақ сөздерімен алмастырады. Мысалы, келья – монахтың құжырасы, Богоматерь – Құдай-ана, Господь – Құдай, Алла. Ал, кейбір жағдайда қазақ халқының танымына, мифологиясына сай аударады. Оны мифологиялық түсініктерді аударуынан көреміз. Мәселен, грек мифологиясындағы жастықтың құдайы Гебаны [11] – хор қызы, құдайлар ішетін сусын нектарды [12] – әнгәбіл су деп алады. Біздің мифологиялық танымда ғажайып тылсым күшке ие өмір бұлағы (ғайнол-хаят) [13], мәңгілік өмір суы (ғайни-әл-хаят [13], әбілхаят [14]) сынды түсініктер бар. Осылардың қатарында, жазушы «әнгәбіл су» деген сирек кездесетін түсінікті пайдаланады.

 «Когда же у Лизы будут дети, знай, барин, что ты должен крестить их!» [8, 694 б.]. Осы сөйлемдегі «крестить» сөзін тура аударсаңыз «шоқындыру» деген мағынаны білдіреді. Шоқындыру – христиан дінін қабылдаудағы бастапқы жоралғы [15]. Жас нәрестені шоқындыру рәсімін  дін қызметшісі жүргізеді. Оған сәбидің ата-анасы мен өкіл әке-шешесі қатысады. Қайым Мұхамедханов бұл ұғымды қазақы салт-санаға лайықты  «ат қою» дәстүрімен алмастырады. Қазақ халқы ислам дінін ұстанғандықтан азан шақырып, ат қою дәстүрі кеңінен тараған. Сәбидің есімін ата-анасы, ата-әжесі, не сол кісілердің қалауы бойынша сыйлы, құрметті адам таңдаған.

Ана болып, балалы болса Лиза,

Ат қоятын балаға сенсің мырза [9, 93 б.].

Егер, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтың «Корғансыздың күні» әңгімесімен «Сормаңдай Лизаны» салыстыра оқитын болсаңыз, бірқатар ұқсастықтар барын байқайсыз. Екі шығармаға да қорғансыз жас қыздардың трагедиялық тағдыры арқау болған. «Сормаңдай Лиза» повесінде оқиға желісі Мәскеудің табиғатын, Симонов және Данилов монастырьлерін суреттеумен басталатын болса, «Қорғансыздың күні» әңгімесінде оқиға желісі қазақтың кең даласына суреттеме берумен, Күшікбай  кезеңінің тарихын баяндаумен өрбиді. Суреткерлер екі шығармада да табиғаттың қатал мінез танытуын баяндау арқылы қыздардың күрделі тағдыры жайлы сыр толғайды. Қаламгерлер  адам мен табиғаттың мінезін қатар құбылту арқылы ортақ үндестікті, психологиялық паралелизмді көрсетеді. Мәселен, Карамзин былай келтіреді:

 «Между тем блеснула молния, и грянул гром. Лиза вся задрожала. «Эраст, Эраст! – сказала она. – Мне страшно! Я боюсь, чтобы гром не убил меня, как преступницу!» [8, 693 б.].

Оны Қайым Мұхамедханов былай аударған:

Күн күркіреп, нажағай жалтылдады,

Мен қорқам, Эраст!, - деп қыз қалтылдады.

Жай оты албасты деп ұрсама еді,

Күнәсіз Лиза емеспін қалпымдағы [9, 89 б.].

Кейіпкерлер туралы әңгімелесек, Карамзиннің Лизасы мен  Әуезовтың Ғазизасы – екеуі де әкеден ерте айырылған, қам көңіл аналардың сүйеніші, шаңырақтың асыраушысы болатұғын. Лиза – албырт сезімнің, Ғазиза – Ақан қиянатының құрбаны болды. «Қорлық пен мазақ көрген Ғазизанын алдында бірі өмірге, бірі өлімге апарар екі айырым жол жатты. “Жастығына лайык болған үміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың акырғы жалыны сөнді» [16, 25б.]. Бейкүнә қыздар жазықсыз қорланғандары үшін өздеріне үкім шығарып, мәңгіге аттанады. Эраст – «жел мінез, толқымалы» [9] орыс дворяны. Ақан – «түксиген қабағында өзгеше қаталдығы бар», «құмарлыққа көп салынған» [16] болыс. Эраст пен Ақанға тән ортақ белгі – қызық-думан өмірді аңсау, бір сәттік ләззат үшін өзге жанның тағдырын ойыншыққа айналдыру. Дегенмен, Эраст өткеніне өкініп, өмір бойы өзін кінәлап өткен адам. Қам көңіл, мейірімді, баласының тағдырына алаңдаған аналар бейнесінен де ұқсастықтар байқалады.

 

 О.А. Кипренский. Сормаңдай Лиза  Кенеп, майлы бояу  1827 жыл  Мәскеу, Мемлекеттік Третьяков галереясы [17]

 О.А. Кипренский. Сормаңдай Лиза

Кенеп, майлы бояу

1827 жыл

Мәскеу, Мемлекеттік Третьяков галереясы [17]

 

Филология ғылымдарының кандидаты А.Т.Смағұлова шығарманың аударылу тарихы жайлы: «Қара сөзбен жазылған көркем повесті 1954 жылы Карлагта жүргенде өлеңмен аударады. Осы аударма арқылы қорлық көрген жанына шығармашылық еңбектен медеу тапқандай әсер қалдырады» [3, 16 б.] – деген пікір білдіреді. Қайым аға аудармамен қатар, осы НКВД-ның Карлаг лагерінде отырған уақытында асыл жарына, балаларына,  туған жеріне арнаған өлеңдерін шығарған. Олар: «Сүйген жар», «Балаларыма», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Бұл мінез арға тиіп, жанға батты» және т.б.

Н.Карамзин «Сормаңдай Лиза» повесінде адамның ішкі дүниесін,   уайымын, арманы мен мұратын тамаша әрі әсерлі бейнелейді. Мүмкін, шығарманың мына тұсы қаламгердің көңілін баураған болар:

Жас монах жас өмірден күдер үзген,

Темірлі терезеден көзін сүзген.

Құстарға қарайды да аһ ұрады

Сайраңдап көк теңізін еркін жүзген [9, 70 б.] – деген жолдарын оқығанда, жазушы мен шығарма кейіпкері арасында нәзік эмоциялық байланыс бардай көрінеді. Саяси (әдеби) көзқарасы үшін лагерь тұтқыны болған жас ғалым мен қаңыраған монастырьдегі жас монахтың арманы бір еді. Ол – еркіндік. Бірақ, жас монахқа қарағанда, жас ғалым өмірден түңіліп, салы суға кетпеді. Оны ақынның мына бір өлең жолдарынан анық байқаймыз.

Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,

Ақ құсы әділеттің қақса қанат [9, 22 б.].

 Сонымен бірге, жабырқаған көңіліне көркем шығармадан медеу тауып, өзін ғана емес, қазақ әдебиетін Николай Михайлович Карамзин сынды өзге ұлт жазушыларының шығармаларын көркем аудару және өз төл туындыларын шығару арқылы байытты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Султанбек М. Всенародное признание // Иртыш, 1996, 4 января

2. Белякина А. Человек-легенда. Алматы, 2009. КП 54-31050

3. Смағұлова А. Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық өмірбаяны. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. Астана, 2007. КП 60-32887

4. Қайым Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш-Каюм Мухамедханов: библиографический указатель / А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана, 2016

5. Бедная_Лиза / https://ru.wikipedia.org/wiki

6. Московская изобразительная Пушкиниана. Государственный музей А.С.Пушкина. Москва: Изобразительная искусство, 1986

7. Қозы_Көрпеш_-_Баян_Сұлу / https://kk.wikipedia.org/wiki

8. Сборник. Русская литература ХVIII в. Ленинград: Просвещение, 1970. КПнв 21-12030

9. Мұхамедханов Қ. Тарта көр, Семейімнің топырағы. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, мақалалар, аурнаулаур. Семей: Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, 2010. КП 60-32885

10. Бөжеев М. «Евгений Онегин» Абай аудармасында / http://abai-inst.kz

11. Геба / https://ru.wikipedia.org/wiki

12. Нектар_(мифология) / https://ru.wikipedia.org/wiki

13. Сапарғалиев Қ. «Мұхаммед ғ.с.». Қалың оқырманға арналған бұл кітап Мұхаммед пайғамбар, «Құран» және Исламның негіздері жайынан мағұлматтар беріледі. Өскемен: Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты жанындағы «Достық» қоғамы, 1992

14. Әбілхаят / https://ru.wikipedia.org/wiki

15. Шоқындыру / https://ru.wikipedia.org/wiki

16. Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер. Алматы: Атамұра, 2002. КП 45-28636

17. «Бедная Лиза» О.А.Кипренский (1827) / https://ru.az.lib.ru

 

Гүлжан Кашаку

«Астана мәдениеті» республикалық ғылыми-танымдық журнал

№ 5 (25) / 2016

қыркүйек

31-35 беттер