Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Рахатова Ж.Т. «Қазақтың байырғы байлығы»

Өресі биік, өрісі кең өнер атаулының қай саласының болсын, жер жүзіндегі басқа да халықтар сияқты қазақ халқы да өзінің көне замандардан бері келе жатқан тамаша тарихымен қоса бір өзіне ғана тән қайталанбастай ерекшелігімен көзге түседі.

Сол сияқты, қазіргі бізге келіп жеткен қолөнердің бірі тоқымашылық.  Қазақстан аумағында тоқымашылық өндірісінің қай уақытта пайда болғанын дөп басып айту қиын, бірақ халық шеберлерінің тоқыған кілемдерінде осы күнге дейін ұшырасатын  көне ою элементтері мен нақыштарын қола дәуіріндегі құмыралардан көре аламыз. Қазақ халқының қолөнері сонау ескі заман тарихымен бірге өсіп, қайнап келе жатқан өте бай қазына.

Қазақстанның шығысы мен батысында кең жайылған түкті кілем тоқу өнері, мүмкін көне замандарда белгілі болды деген болжам бар, өйткені бұл аймақта тұратындар кілем тоқушылықты ежелден кәсіп қылған Алдыңғы және Орта Азиядағы мал шаруашылығындағы қаңлылар, парсылар, сарматтар т.б. тайпалармен үнемі этникалық, мәдени байланыста болған. Осы күнге дейін пайдаланылып келе жатқан кілем тоқу дәстүріндегі оюлардың элементтері  көптеген халықтар үшін ортақ екендігін көрсетеді. Дәстүрлі түкті кілем мен кілем тектес тоқыма бұйымдары қазақ арасында жоғары бағаланады, олар киіз үйдің төріне керегелерге ілінеді. Кілемнің көптігі үй иесінің байлық-дәулетінің, дәрежесінің көрсеткіші болып табылған. Кілем тоқуда біріне-бірі сіңісіп жататын көк, сары түсті, басқа да қосымша бояулар тіршіліктің күннің, аспанның, от пен судың бейнемелік мәнін жеткізеді.

Өрмек. Өрмек халық қолөнерінің тоқу үстінде қолданылатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы деседе болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек - шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналған.

Алаша тоқу. Алаша бүктеуге, жинауға, алып-салуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40-45 сантиметрден аспайды. Сондықтан мұның бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бой етіп кесіп, құрау қажеттігін есептейді. Өрмекке жеңіл әрі жиі қолданылатын өрнектің екі түрі бар. Оның біріншісі «су» өрнегі, екінішісі «тіс» өрнек.

«Су» өрнегін өрмектің белгілі бір шетінен ерсі жіппен қарсы жіптің өнбойын бір түсті етіп жүгірту арқылы тоқиды. «Тіс» өрнегін осы екі жіптің екеуін екі түсті түрмен жүгіртіп (астыңғы жіп қара, үстіңгі жіп ақ) тоқиды.

Алаша (1 сурет) 2003 жылы өрмек станогы арқылы тоқылған. Ол 9 жолақтан тұрады, тіктөртбұрышты формалы. Геометриялық және «қошқар-мүйіз» ою-өрнектері түрлі-түрлі түстерден (екі жолақпен) тоқылған. Алашаның композициясындағы өрмекке тоқылған жеке-жеке өрнек өзара біріктіріліп тігіледі. Жұмағұлова Малика Қодашқызы 1973 жылы Катон-Қарағай ауданының Черное селосында туылған. Қолөнердің бірнеше түрін меңгерген (тоқымашылық, киіз басу, кесте, құрақ құрау). 

Өрмекте мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тәрізді күрделі өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» деп атайды. Терме тоқудағы ілмектеу, мәймөңкелеу жұмыстарының барлығы да есептеп санау арқылы, әрбір ілінген жіп санын ұмытпай есте сақтау арқылы орындалады [1-66]. Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең бір көп тараған және көркем дүниелердің қолайлысы деп саналады. Термелеп тоқу әдісі, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде жақсы дамыған өнер. Өрмекпен тоқу әдісімен әр алуан бұйымдар жасалады: жайнамаз, тұмар, бау, басқұр, шашақ бау, желбау, кілем, алаша, аяқ қап, қоржын, кесе қап, дорба және т.б.

 «Үй жасауы-кілем» дейді халық. Кілем жайсаң, төсеніш ілсең сән. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін  әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат ол – кілем. Шығыс елінде оны тоқып, тұтынбаған халық болған емес. 1663 жылы жүргізілген есеп бойынша, Қазақстан көлемінде кілемді қолөнер әдісімен тоқитын 176 шебер жұмыс істеп жүрді. Олардың кейбір үлгілері кең қолдау тауып келеді. Салт-дәстүр бойынша бұрын бәйбіше кілем бастау салтын өткізген. Ол құрбылары мен туыстарына кілем тоқуды бастайтынын хабардар етеді. Ет асып, жеті шелпекті дастарханға қойып дұға оқиды, Алладан медеу тілеп, істің сәтті болуын сұрайды. Дастархан жайып, шашу шашады. Әдетте бір кілемді төрт қыз бір айда тоқып бітіреді. Тоқу кезінде киіз басқандағыдай асар жасалады. Алдымен әдет-ғұрып бойынша жеңгесі табақпен шашу әкеліп, үйдің бәйбішесіне «қолың өрнекті болсын, тоқығаның бұдан да жақсы болсын, өмір жасың ұзақ болсын» деген тілекпен ұсынады [2-141]. Жиналған туысқандар мен көрші-қолаң да құр қол келмейді. Тоқып жатқанда шашақ жасап, ойнап жүрген балалардың бірінің қолына тағу салты бар. Оның мағынасы: «денің сау болсын, аман-есен ержетіп, болашақта саған арнап осындай кілем тоқылсын» дегені. Баланың анасы ризашылығын білдіріп, бәйбішеге сый жасайды.

Сонымен-қатар үй ішіне бір ауыртпашылық түссе тоқыманы жинап қояды, мысалы; бала науқастанып қалса, ол сауығып кеткенше өрмектің бетін жауып қояды. Әйтпесе ауруы тоқу барысы сияқты созылып кетеді деп қорқады. Отбасы мүшесінің біреуі қаза болған жағдайда істі 40 күнге тоқтатады. Аяқталмаған шаруаны көріп таңғалса көз тиеді деп ер адамға көрсетпейді, байқаусызда жанына келсе, ісін (өрмекті) матамен жауып қояды.

Кілем дайын болғанда той десе ішкен асын жерге қоятын қазақтар кілем той, кілем құру атты кішігірім той-томалақтар өткізеді. Оған көрші-қолаң  қыз-келіншектерді шақырады, келгендер кілемге көрімдігін беріп, игілікке ұсталсын деген тілекпен шашу шашады.

Терме өрмегінің тәсілімен түрлі бау, басқұрлар тоқылады. Ең ендісі – басқұр, кереге мен уықтың қосылған жерін сыртынан шымқай орап сәнін кіргізеді, одан сәл жіңішкерек таспалар – бау уыққа қиғашынан тартылады, таспа – желбау бір шеті шаңыраққа, керегелерін қосып, екінші шеті әлдебір ауыр жүкке байланады, бұл дауыл тұрғанда киіз үй ығып кетпеу үшін жасалатын әрекет. Жалпы алғанда, бау мен басқұрлар негізінен әшекейлеу мақсатында қолданылады.  Басқұр (жалпақ) (2 сурет) 7 жолақтан тұрады. Ол - жасыл түсті фонда,  ортасында қызыл түсті «жүз теру» оюы тоқылған, түрлі-түсті тоқыма  (2009жыл).  Мұндай әдемі ұлттық бұйымды тоқып шығарған Өскемен қаласының тұрғыны,1983 жылы дүниеге келген  Ханай Бибігүл .  

Келесі желбау  (3 сурет) яғни басқұрдың жіңішке түрі (бау-басқұр деп те атайды) бұл жоғарғы жақта айтып өткендей уық пен керегені мықтап ұстап тұруға және әсемдікке арналған бұйым. Желбаудың негізгі ою-өрнегі «түйе-табан» оюы, ортасында шағын-шағын ромбтар тоқылған. Негізгі түстері сары және қызыл, жиектерінде қара және сары түсті жолақтар жүргізілген (2013 жыл). Авторы Монғолия елінің тұрғыны Бақыбай Махаббат (1954 ж).

Бұл таспаларды бой жібі мен көлденең келетін қиғаш жіп – өрнек жасайтын жіпті өріп тоқиды. Термелеу әдісімен жасалған бұйымдардың өрнегі мен негізгі түсі тең түседі, ою жолақтары біркелкі, ырғақты орналасады және айтарлықтай қалың болады, көбінесе «қошқар-мүйіз» оюы бейнеленеді. Оң жағындағы өрнек сәл бедерлі болғанымен, теріс жағына көлденең жолақтар түседі.

Тоқылған қоржындарда негізгі сәндік рөлді шашақтар атқарады. Тоқыма бұйымдарды шашақтар мен ұсақ қоңыраулармен, киіз бұйымдарды түрлі- түсті ешкінің түгімен сәндеудің эстетикалық қана емес, тылсымдық мағынасы да бар. Яғни молшылықты, санының көптігін білдіретін бұл толықтырулар дәстүрлі таным бойынша өсімталдық пен байлықты дарытады.

Қоржынға жолаушының жол азығы қымыз, су т.б. сонымен-бірге киім-кешек, керекті заттары салынады. Қоржынның күнделікті тұрмыста маңыздылығы, қажеттілігі, сондай-ақ ежелден келе жатқан қажет зат ретінде қолдануы ежелден анықталған. Құдалықта күйеу жағы келіннің ата-анасына қоржын әкелу салты осы күнге дейін бар. Қазақтардың тоқыма бұйымдарының ортақ белгісі: негізінен қызыл түстің, геометриялық пішінді айшықты өрнектердің басым болуы, сондай-ақ сәндеп жиектелуі ерекше болып келуі. Қоржын (4 сурет) үш жолақтан тұратын, екі қалталы дорба. Қызыл түсті фонда тоқсары түстен «қос-мүйіз» ою-өрнегі салынған, және де шашақтармен әсемделген. 2010 жылы  Қожамжарова Гүлнар Дәуітқызы (1963ж.) (5 сурет) Катон-Қарағай ауданы Еңбек ауылының тұрғыны өзінің жеке станогы арқылы тоқыған. Қазақтың ұлттық қолөнерінің (тоқымашылық, киіз басу, ши өру, кесте, құрақ құрау, киім-кешек тігу) әйел затына тән барлық түрін жетік меңгерген Гүлнар Дәуітқызының есімі әлемге белгілі болған шеберлердің бірегейі табылады. Қыздары Мереке мен Ақнұр анасының жолын қуып аталмыш қолөнер түрлерімен шұғылданып жүр. Қолтума шеберіміздің үлкен жетістіктерінің бірі «Шебер» атты Республикалық конкурстың екі мәрте жеңімпазы атанған «Төлтума» және «Жоғарғы сапа» (2009-2012 жылдары)  номинациялары. Сонымен-қатар ол жыл сайын өтетін облыстық дәстүрлі көрмелердің қатысушысы және жеңімпазы болып келеді.  

Ою-мәнері де символдық мәні де болған, мысалға тұмар, сырға, жылан кейіпті оюлар бәле-жаладан сақтайды; мүйіз, гүл, ромб, квадрат, төртбұрыш мәнерлері өсіп-өнудің, көбеюдің белгісі болып саналады.

Осыдан келіп кілемдердің тоқылуы да, материалы да, өрнегі де әр түрлі болып келеді. Қазақ қолөнершілері, жоғарыда айтылғандай, тоқу ісіне көбінесе жүннен иірілген жіптерді пайдаланған.

Міне, осындай мәдени мұраны көне деп қарамай, оны байырғы байлығымыз деп бағалап, халқымыздың тұрмысында  тиімді пайдалануымыз керек деп саналған.

Қазақтардың дәстүрлі тоқыма бұйымдарын саралай келе сәндік құрлымында шеберлеріміздің өз шығармашылық табыстары, қиялының жемісімен қатар өзге елдердің мәдени дәстүрлердің аздаған болса да әсері сезіледі. Бұдан бұл бұйымдардың көркемдігі жаңарып, байытылуы көрініс береді.

Қазіргі заманның көркем тоқымашылығында көне дәстүрлер мен өзекті ізденістердің қатар жүруі – шеберліктің зиаткерлік болмысын барынша айқындап көрсетеді.

Рахатова Ж.Т.

Республиканский журнал «Достық-Дружба»,

№ 4, 2016 г., стр. 42-47

 

 Әдебиеттер тізімі:

1.«Қазақ халқының қолөнері» С. Қасиманов. Алматы, 1969 жыл.

2. «Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту» ХХI Бейнелі альбом. Алдабергенова Б.А. Алматы, 2010 жыл.

3. «Шебердің қолы ортақ» Тәжімұратов Ә. Алматы, 1977 жыл.

4. «Ұды Дала жауһарлары» Тохтабаева Ш.Ж. Алматы, 2008 жыл.

5. «Народные промыслы и ремесла казахов» Раимханова К.Н., Мекебаева А.А..Алматы, 2003г.

6. «Кілем мен тұскілем тоқып үйренеміз». Қолөнершілерге арналған оқу құралы. Қасенова Қ., Шкляева С.. Алматы, 2009г.

 7. «Казахские домашние художественные ремесла» Муканов М.С. Алма-Ата, 1979г.