Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Қабдоллаев М. С. ҰЛТТЫ БІРІКТІРУШІ, ТАМЫРДЫ ТАНЫТУШЫ - НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Қыстың қаһары тарқап, көктемнің жылуы сезіліп, мал төлдеп  ақ көбейген кезеңде тойланатын наурыз мерекесінің көшпенділер өміріндегі маңызы зор. Біздің ойымызша бұл мерекенің маңызын, мәнін түсіну үшін ата кәсібімізді, көшпенді өмірді түсіне білу қажет. «Қара қазан мен сары бала қамы үшін...» - деп Махамбет бабамыз жырлағандай ұрпақ үшін талмай еңбек ете білген, тірішіліктің тауқыметіне төзіп төрт түлігін жауға алдырмай, табиғаттың қатаң сынағында өлтірмей баға білген бабаларымыз көктем жеткенде арқаларын кеңге салып ерекше  бір қуанатын болған.

Атадан балаға мирас болған басты мерекеміз наурыздың терең зерттелуімен кеңінен насихаттталуы салт-дәстүрімізге деген құрметімізбен махаббатымызды арттыратыны сөзсіз. Бір-бірімізді мерекемен құттықтап қазақы жомарттық, қонақжайлылық салтымен дастархан жайып құрметтеуіміз бауырластық сезімін оятары хақ. Қатарласа тігілген ақбоз үйлеріміз «киіз туырылықты, ағаш уықты» - көшпенділер ұрпағы екендігімізді есімізге салса, дәстүрлі ойындарымыз(балуандар күресі, бәйге, көкпар, теңге алу және т.б.) жан дүниемізде ұлы дала рухын жаңғыртады. Наурыз мерекесі салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін бірден-бір ерекше мейрам[1;198-199].

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, дербес мемлекет болып өткенімізді түгендеп жатқан қазіргі таңда салт-дәстүрімізді тереңінен зерттеп, кеңінен насихаттауымыз шарт. Тәуелсіздігімізді жария еткен уақыттан бері салт-дәстүр, тарихымызды зерттеуге мемлекет тарапынан айтарлықтай көмектер көрсетіліп, осы салада талай  еңбектер жазылып, ғылыми дәрежелер қорғалды. Алайда, тәуелсіздік алғанымызға 25 – жылдан астам уақыт өтсе де бүгінгі қазақ арасында ұлтымызға, оның салт-дәстүріне, тарихына деген сүйіспеншілік  айтарлықтай дәрежеге жетіп дамыған жоқ. Қазақ болып дүние есігін ашсақта қазақ ұлтын әлі толық танып білмейміз. Кеңестік билік, отаршыл патша үкіметінің әдейілеп жүргізген саяси жұмыстарының нәтижесінде дінімізден, тілімізден, тарихымыздан, салт – дәстүрімізден айырылдық. Ғасырлар бойы жалғасқан ана сүтімен бойымызға дарыған мәдени құндылықтарымыздың тамырына балта шабылды. Салт – дәстүріміз тек кітап беттерінде ғана жазылмай жастарға кеңінен насихатталып, күнделікті тұрмыста қолданылатын болса қазіргі жаһандану заманында өз ұлтымызды халық ретінде, мемлекет ретінде сақтап қалуға жәрдемін тигізері сөзсіз. Байыбына барсақ қазақ салт – дәстүрі тұнып тұрған рухани байлық. Салт дәстүрімізді  зерттей отырып ұлтымыздың ежелгі замандардан бастап ешкімнен кем емес, терезесі тең болғандығын көреміз.  Бұл өз кезегінде отансүйгіштік сезімді шыңдауға көмегін тигізері хақ. Әрбір жеткіншек өз халқын сүйсе, салт-дәстүрін құрметтесе, ата – бабаларымыздан мұра болған асыл дінімізді ұстанса, тарихымызды ешқандай бұрмалаусыз қазақы сарынмен оқыған болса,  ондай азаматтарымыз елінің-жерінің, отанымыздың болашағын ойлайтындығы сөзсіз. Қазақ этнографиясында ойып тұрып өз орнын алған ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков салт дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы турасында былай дейді: «...Атамекен. Қандай қасиетті түсінік десеңізші.  Оған сүйіспеншілік адам бойына ананың әлдиімен, балалық шақтың аңыз – ертегілерімен, ойындарымен, даланың жұпар иісімен, таудың құзымен, көлдің айдынымен, тіпті ұлттық мақтанышпенде сіңіседі екен. Халқымыздың өткен жолына перзенттік көзбен шолу жасасақ, біз оның рухани, мәдени, парасаттық мүмкіндіктері толығынан іске қосылды деп айта алмаймыз. Оның басты себебі, өзгені былай қойғанда миллиондардың өмірін ала кеткен аштық жалаңаштықта, 30 – жылдардың дүрбелеңі де, қазір  тарихтың үлесіне тиген басқа да алапат қиыншылықтарда болды.»[2;11]. Яғни, біз салт – дәстүрден көз жазған сайын қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерде ұлғая береді. Мәселен, қазіргі жұрттың имандылығының, парасаттылығының азайып бара жатқаны, отбасы – ошақ қасының берекесі қаша бастағандығы, үлкенді сыйлау, кішіге инабатты болудан қалып бара жатқандығымыз, түрлі діни секталардың көбеюі, отансүйгіштік рухтың жоғалуы барлығының тамыры салт – дәстүрімізден көз жазуымызда.  Біз өз тарихымызға, салт – дәстүрімізге жат көзбен қараймыз. Шындығында салт – дәстүр, тарих айтылғанда қазақты ұялшақтық емес   керісінше мақтаныш кернеуі керек.  Елбасы өз сөздерінде де «Қазақ тарихында қазақ ұялатын парақ жоқ» деп ақиқатын айтады[3].

Тақырыбымызға арқау болып отырған наурыз мерекесі де жай мейрам емес тарихи-танымдық, тәрбиелік мәні зор ерекше мереке. Түп төркіні тереңде жатқан бұл мерекенің шыққан уақыты мен мағынасы турасын әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Наурыз – шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттылық, мәрт-жомарттық, қадыр-қасиеттілік нышан белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Осының барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдылыққа, көргенділікке, ізеттілікпен білімділікке баурайды[4; 44 - 46].

Наурыз мерекесінің бүгінгі жай күйі турасында А.Мұхамедиұлы былай дейді: «Енді заман талабына сай Наурыздың пішімін түбегейлі өзгерту қажет. Наурыз­­дың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа пішім беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек. Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқара­лық сипаттан ажырап, сахна­лық кейіпке еніп, аздаған жұрт­шылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы» [5].  Наурыздың мерекеленуіне деген мұндай көзқарастардың пайда болуы заман талабы. Абай атамыздың «дәстүрдің озығы бар тозығы бар» - деп айтқанындай халық үшін, мемлекет үшін пайдалы осындай дәстүрлі мерекелерден көз жазбауымыз керек. Керісінше, наурыз мерекесін насихаттау, зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. 

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Казахи. Алматы 1995
  2. Жәнібеков. Ө, Жолайырықта. 1995
  3. www.inform.kz
  4. Кенжеахметұлы.С, Жеті қазына. Алматы 2010
  5. Мұхамедиұлы.А. Наурызға – жаңаша көзқарас.// Егемен Қазақстан 28.01.2015

Қабдоллаев Мейіржан Сұлтанұлы

«Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз» атты республикалық ғылыми конференция материалдары. – Астана, 2017 – 249 б.,  236-238 бет