• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Кашаку Г. Әсет Найманбайұлының шығармашылығы музей-қорықтың көрме жобасында

Кашаку Г. Әсет Найманбайұлының шығармашылығы музей-қорықтың көрме жобасында

Музей-қорықтың Солжағалық кешеніндегі Кіші көрме павильонында Мұхтар Әуезовтің 120-жылдығына және Әсет Найманбайұлының 150-жылдығына арналған «Мұхтар Әуезов пен Әсет Найманбайұлы шығармашылығының ұлы Абай туындыларымен үндестігі» атты жаңа көрме ашылды. Бұл – музей-қорықтағы Әсет Найманбайұлының шығармашылығына арналған алғашқы көрме.

Көрме қазақтың біртуар тұлғалары Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезов пен Әсет Найманбайұлы өмір жолдары мен туындыларының өзара үндестігі жайлы әңгімелейді.

Әсет Найманбайұлы – ұлы Абайдың өзінен тікелей тәлім алған ақын шәкірті, әнші-композитор және аудармашы ретінде таныстырылды.

 

  

ШҚОЭМ КП 80-37838. Б.К.Исин

Әсет Найманбайұлының портреті

Кенеп, майлы бояу. 2017 жыл. Суретке түсірген: А.А.Мазницын

 

Әдебиеттану ғылымында алғаш Әсет Найманбайұлын Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында атаған кемеңгер ғалым Мұхтар Әуезов еді [1, 12]. Абайтанудың негізін қалаған ғалым «Ақындық ерекше үлгілері Абаймен аса жақын түйісіп отыратын тағы бір белгілі ақын Әсет болатын» [4, 360 б.] - деп Әсеттің ақындық талант-дарынын жоғары бағалайды. Кейін, 1951 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен абайтанушы Қайым Мұхамедханов «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында жазған диссертация жұмысында Абайдың ақын шәкірттері қатарында Әсет ақынның шығармашылығына тоқталады [9, 184-185 б.].

Әсет Найманбайұлы өзінің ұстазы Абай салған ізбен орыс әдебиетінің классигі А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» атты өлеңмен жазылған романынан «Онегин мен Татьянаның әңгімелері», «Татьянаның Онегинге бірінші жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға бірінші жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға екінші жазған хаты», «Татьянаның хатты алғандағы сипаты», «Татьянаның Онегинге екінші жазған хаты», «Татьянаның соңғы күйеуіне айтқаны» [9, 264-273 б.] деген үзінділер аударады. Филология ғылымдарының кандидаты Балтабай Адамбаев «Әсет ақын» атты мақаласында «Пушкин» поэмасынан Абай «медресесінің Әсетке жасаған игі ықпалы, әсері айқын сезіліп тұрады» [10, 9 б.] - деген пікір білдіреді.

Көрмені ұйымдастыру барысында ақын есімімен байланысты бұйымдарды ұзақ іздедік. Өйткені, сол мезетте музей-қорықтың қорында Әсет Найманбайұлының 1992 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан шыққан «Інжу-маржан» атты әндер жинағы бар еді. Кезінде, музей-қорыққа аталған жинақтың бір данасын Жарма ауылындағы (Жарма ауданы) Әсеттің мектеп-музейі сыйласа [8, 94 б.], екінші данасын музей-қорықтың ғылыми қызметкері Р.Мұхамеджанова [7, 185 б.] тапсырыпты. Бұдан өзге Әсет ақынның шығармалары енген Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» (Алматы, 1995) атты төрт томдығы мен «Антологии казахской поэзии» (Мәскеу, 1958) атты жинақ бар. Әсет Найманбайұлының антологияға кірген шығармаларын А.Коренев орыс тіліне аударған [2, 226 б.].

2015 жылы мақала авторы «Ұлылар мұрасы және музейтану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық музейінде қызмет ететін Әсет ақынның немересі Ләззат Әсетовамен танысады [11, 1 п.].

 

 

 

Солдан оңға қарай: сол жағында - С.Қ.Қожағұлов – әсеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты,

Жетісу мемлекеттік университетінің доценті; оң жағында – Кашаку Гүлжан. Талдықорған, 2017 жыл.

 

Музей-қорық ақын шығармашылығына арналған көрмені ұйымдастыру барысында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Исинге Әсет Найманбайұлының портретін салғызды. Суретші ақын портретін бейнелемес бұрын, ақынның балалық-жастық шағы өткен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Мақаншы аулына арнайы барып қайтады [3]. Онда Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық музейімен танысып, Ләззат Әсетовамен кездеседі. Л.Әсетова музей-қорыққа суретші арқылы Әсетұлы Қожекенің және Қожекенің ұлдары – Ардақ пен Біржанның фотосуреттерін беріп жібереді. Әкесі және аға-інілері сияқты Ләззат Әсетованың өзі де ақын атасына тартыпты.

Болат Исин бейнелеген Әсет Найманбайұлының портретінде, ақын сол қырынан бейнеленген. Ол тік жағалы, қою жасыл түсті қазақы шапан, орама жағалы ақ жейде киген. Кең маңдайлы, қою қара қасты, мұртты. Ақын портреті көгілдір фонға бейнеленген.

2017 жылы мақала авторы зерттеу тақырыбы аясында іссапармен Алматыға барды.

Іссапар кезінде автор жерлес-ақын Ұлықбек Есдәулеттен ақыл-кеңес, тақырып бойынша бағыт-бағдар нұсқауын сұрайды. Ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбаймен жолғуды кеңес етеді [5].

Ғалым Жайлыбай 2013 жылы Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған экспедиция туралы әңгімеледі. Экспедиция Қытай Халық Республикасы, Құлжа қаласы, Көкқамыр жайлауындағы Әсеттің кесенесіне барады. Экспедицияны ұйымдастырушы – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Қалибекұлы болса, мүшелері – Ғалым Жайлыбай мен Әсет ақынның ұрпағы Бақытбек Сыздықов болыпты. Олар Әсет ақынның туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай жерінен [5] топырақ алып, оны Әсеттің қабіріне жеткізіп, ақынның рухына құран оқытып қайтады. Ақын Ғалым Жайлыбай Қазақстанға келгеннен кейін, Әсет Найманбайұлына арнап «Жалғыз Қарағай» атты микропоэма және «Жалғыз уыс топырақ. Әсет кесенесі. Бақытбек сот» атты өлең шығарады. Ақын музей-қорыққа осы шығармалары жарияланған «Есіл ағады» (Астана, 2016) атты шығармалар жинағы мен республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 2017 жылғы 3-9 ақпанда шыққан санын сыйлайды [12, 3 п.].

Мақала авторы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Қазақстан» залынан Әсет Найманбайұлының 1968, 1988 және 2012 жылдары шыққан шығармалар жинақтарымен және Су Бихайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегімен, «Диссертация» залынан зерттеушілер С.Қ.Қожағұловтың «Әсет Найманбайұлының әдеби мұрасы» (Алматы, 2000) тақырыбындағы диссертациясымен және Ж.Ж.Аитованың «Ә.Найманбайұлының зерттелмеген шығармаларының тақырыптық-көркемдік сипаты» атты диссертациялық жұмысының авторефератымен, «Мерзімді басылым» бөлімінен Әсет ақын туралы А.Жұбановтың, Б.Ердембековтің, Ж.Аитованың және О.Бекбосынның жазған мақалаларымен танысады.

Іссапар барысында ақын Ғалым Қалибекұлымен танысады. Ол Әсет ақынның Қытайдағы өмірі, Ғаппари (Ғабдұлбари (1858-1939) қажымен достығы және ақын өлімі жайлы әңгіме қозғайды. Қытайдағы Әсет Найманбайұлының еңбектерін жинастырып, кейін Қытайда төте жазумен (араб графикасымен) Әсет ақынның шығармалар жинағын басып шығарған әсеттанушы Жұмәділ Маманұлының ерен еңбегі жайлы тамсана әңгімелейді [6, 7 б.].

Мақала авторы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кадидаты Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлын арнайы іздеп барады. Серікқазы Қорабай әсеттанушы С.Қожағұловтың «Әсет Найманбайұлының әдеби мұрасы» (Алматы, 2000) тақырыбында жазған диссертациялық жұмысының оппоненті болғанын айтып, зерттеушінің мекенжайын береді. Осы кездесуден кейін іссапардың бағыты өзгереді. Мақала авторы дереу Талдықорғанға С.Қожағұловты іздеп барып, Жетісу мемлекеттік университетінде кездеседі. Ол Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелеп, өзі баспаға әзірлеген Әсет ақынның екі томдық толық шығармалар жинағын сыйлайды.

Биыл музей-қорықтың қызметкері Кемел Тоқымбаев филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сұлтанбековтың «Всю жизнь с Абаем» (Семей, 1995) атты монографиясын сыйлады. Кезінде монографияны Абай музейінің жанындағы кітап сататын киоскіден алған екен. Монографияға автордың «Дружба народов» журналының 1969 жылғы № 9 санына жариялаған «Возвращение Асета» атты рецензия-мақаласы енген.

Көрме қордағы бұйымдар мен іссапар кезінде жиналған деректер негізінде ұйымдастырылды. Музей-қорықтың қорындағы Әсет Найманбайұлының есімімен байланысты бұйымдар көп еңбектің арқасында жиналды. Бұл – біздің музей-қорықтың қабырғасында ақын шығармашылығын зерттеу мен насихаттаудың бастапқы кезеңі. Алдағы уақытта, Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы деректерді зерделеу, тақырып бойынша музей-қорық қорын толымдау ісін жалғастырамыз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Аитова Ж.Ж. Әсет Найманбайұлының зерттелмеген шығармаларының тақырыптық-көркемдік сипаты / Аитова Ж.Ж.– Алматы, 2008 – 12 б.

2. Антология казахской поэзии. – Москва : Государственное издательство художественной литературы, 1958 – 256 б.

3. Әсет Найманбайұлының мұражайы – қолжеткізу тәртіптемесі: http://abay-museum.kz/novaya - 17.10.2017

4. Әуезов М. Абай Құнанбаев. / Әуезов М. – Алматы : Санат, 1995 – 320 б.

5. Жайлыбай Ғ. Есіл ағады. / Жайлыбай Ғ. – Астана : Фолиант, 2016 – 272 б.

6. Қалибекұлы Ғ. Алты Алаш ардақтаған Әсет ақын... / Қалибекұлы Ғ. // Қазақ әдебиеті. – 2013. – 26 шілде. – 7 б

7. Қорға қабылдау кітабы. КП 34-25290-25520. // Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы. – КП 34-25393 – 185 б.

8. Қорға қабылдау кітабы. КП 42-27498-27760. // Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы. – КП 42-27552 – 94 б.

9. Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері / Мұхамедханов Қ. – Алматы: РГЖИ «Дәуір», 1995 – 184-273 б.

10. Найманбаев Ә. Шығармалар (өлеңдер, айтыстар, дастандар) / Құрастырғандар: Б.Адамбаев, С.Ордалиев. – Алматы : Жазушы, 1968 – 8-9 б.

11. Сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің ғылыми қызметкері Кашаку Гүлжанның Семей қаласына барған іссапарының есебі / Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы. – Өсемен, 2015 – 1 п.

12. Сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің ғылыми қызметкері Кашаку Гүлжанның Алматы қаласына барған іссапарының есебі / Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы. – Өсемен, 2017 – 3 п.

 

Кашаку Гүлжан

Өлкетанулық оқулар.

Шығыс Қазақстан облысының 85 жылдығына арналған

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

 (Өскемен қ., 12 желтоқсан 2017 ж.)

Ғылыми еңбектер жинағы

174-178 беттер

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …