Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Елікпай Б. Бел буыну - бекінгендік белгісі

Өткен күндерсіз болашақ жоқ. Бұл  дәлелдеуді  қажет  етпейтін бұлтартпас шындық. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жас ұрпақтың өз халқының  мәдениеті  мен этнографиясын  шала-шарпы білетінін, көбісі  одан тіпті бейхабар екенін көзіміз көріп жүр. Сондықтан ұлт дәстүрлерін  сақтай, дамыта  отырып, өткен заман құндылықтарын  замандастырымызға аялай  жеткізу  біздің бір басты мақсатымыз  болып табылады. Басқа халықтардың  кез келгеніндегі  сияқты  қазақтар  өмірінде де ұлттық киім  маңызды  орын алады.  Белбеу  халқымызда  ерлер мен әйелдер киімдерінің  ажырамас  құрамдас  бір бөлігі  болған.

Ерлер белбеуінің  пайдаланылу мәні ғана болмаған, ол иесінің  әлеуметтік  жағдайын  да білдірген.  Зерттеушілер жасаған  қорытындылар  мынадай:  жауынгерге  айналған әрбір  көшпендінің  арнайы  "жауынгерлік" белбеуі болған.  Белбеудегі  таналар саны оның  қоғамда  алатын орнына  байланысты болған.  Дәрежесі  биігірек  адамның  белбеуіне  таналар  көбірек  бекітілген. Бұл орайда, әсіресе белбеуде  салбырап тұратын  шеткі  ұзын таналарға  ерекше  маңыз  берілген. Яғни, бір кездері  иесінің  әлеуметтік жағдайын  айқындауда  таналардың  саны ғана  емес, олардың пішіні, түрлі  тұрпаттағы  таналар  үйлесімі  мен олардың өрнектелуі  де маңызды  роль атқарған. Орта Азия  халықтары  киімдерінің  тарихы  жөніндегі  ірі маман О.А. Сухарева  былай  деп жазған:                 " Сыртқы киімнің  үстінен  белбеу буыну  қызмет етуге  және  іс-әрекетке көшуге  бекінгендікті  аңғартқан. Кәсіпкер  шәкіртінің  оны шебер деп жариялау салтында  белбеу  тағуы кәсіби еңбекке  дайын екендігін   көрсеткен. Шоқан Уәлихановтың  айтуынша "қырғыздардың (қазақтар) бәрі  де түгелдей белбеу таққан".

Облыстық этнографиялық мұражайдың  қорларында  ерлердің  он екі  былғары  белдігі сақталған. Олардың  үшеуі  кісе белбеуге, жетеуі  кәдімгі  белбеуге (салпыншақсыз белбеулер, бірақ біреуінің  қыны бар), екеуі  күміс  белдікке жатады. Айшықты  сәндік  шешімдері  бұл коллекцияның  неғұрлым  таңқалдырарлық және қайталанбас  әшекейіне  айналған.  Белбеулер ХІХ ғасырдың соңы  мен ХХ ғасырдың басында жасаған бұйымдарға жатады.  Кісе  белбеу, әдетте, қалташадан  (кісе), оқшантайдан,  қыннан және оқ-дәрі  торсықшасынан  тұрған. Мұндай   белбеулердің  ұзындығы  көбіне  150, ені  екі-төрт сантиметр шамасында  болған.  Кіселер  таналармен, жартылай  асыл тастар және түрлі түсті  шынылар  орнатылған пішіні  әр түрлі пластиналармен  әдіптелген. Белбеулер  әдетте екі қабатты  болады, оң жағына  ілгекті тоға бекітіледі . Бұл  белбеулердің ең көне түрі.  Оны аңшылар, әскери  адамдар  және  көшпенді малшылар таққан.

Кісе белбеу  экспонатын  мұражай қорына 1986 жылы Семей  тұрғыны  Орынғали Мұқанұлы Тұрсынов тапсырды. Оның айтуынша белбеу оған   атасынан  қалған, ал атасы  оны  жақын  туысы   қайтыс   болғанда   ескерткіш ретінде  мұраланған.  Кісе белбеу  металл таналармен  және тастармен көмкерілген.  Металда ою, оймыш бейнеленген, пластиналар сары  металл жалатылған. Бұл  белбеудің ұзындығы - 160, ені - үш сантиметр.  Белбеуге  қалташаны  көзге елестететін салпыншақ, екі  әсемдік  салпыншақ  және қын ерекше  әр беріп тұр.  Белбеудің  оң жағында  ілгекпен  аяқталатын  әшекейлі  металл  пластина бар.  Пластинаға үлкендігі  бұршақтай  алқызыл  түсті  екі тас бекітілген. Одан кейін  біркелкі  қашықтықта  сопақша, үшбұрыш  пішінде  және  жапырақша  түрінде  әшекей  салынған  көлемдері  әжептеуір бірнеше  металл таналар  орнатылған.  Оң жағында   салпыншақ қалташа  бар.  Ол үшкір  жағы  төмен қараған бесбұрышты  еске салады. Қалта  металл пластинамен әсемделген.  Салпыншақ  қалташаның  ортасына  бекітілген  қызыл түсті  тас пен көлемді  келген он екі  тана бұйымға  ерекше көрік беріп тұр. Салпыншақ  пішіндері  әр түрлі  төрт металл танасы бар екі  қайысқа  ілінген. Белбеудің сол жағында  бірінен  бірі біраз қашықтықта  орналасқан бесжұлдыз  түріндегі  металл  таналар бар. Белбеудің сол жақ  ұшына үлкендігі  бұршақтай  екі  алқызыл  тас қондырылған  әшекейлі  пластина бекітілген. Өзара біріктірілген  екі  сопақша  ромбы тәріздес  фигурадан тұратын салпыншақ та осы тұста.  Төменгі пластиналардың  бұрыштары  қошқардың басы  кейіптендірілген көлемді алты металл танамен әшекейлендірілген.

Бұдан басқа  екі белбеу  де  көңіл аударарлық.  Олардың   алғашқысы 1975 жылы Лениногор  (Риддер)  өлкетану мұражайынан алынды.  Белбеудің әмиян-қалтасы  өзінің  қолданысына  сай: ол қақпақтан және бәкі, кейінірек  әмиян  салынған ішкі бөліктен турады.  Шебер қалтаны  көп бұрышты сары түсті металл пластинамен  (алтын жалатылған күміс болуы мүмкін) әрлеген. Белбеуге жіңішке  қайыстармен  домбыра  түріндегі  салпыншақтар бекітілген.

Екінші белбеу Зайсан ауданы  Жамбыл  ауылының  тұрғыны, Найман руының  Төртуыл  атасынан  шыққан, 1925 жылы  туған  Жақсыхан Жақыповтыкі, Ол  - Ұлы Отан соғысының  ардагері. Белбеу 1877 жылы туған әкесі Жақыптан қалған.  Белбеу металл жапсырмалармен әшекейленген, ілінген екі қыны, оқ пен оқ-дәрі құтыларын көзге елестетін екі  жалған қалтасы бар.  Бес бұрышты  қалтасы  қақпақтан және екі ішкі бөлімнен тұрады.  Бұл                  әмиян- қалтаның  классикалық үлгісі.  Салпыншақтары  адам мүсінді. Жақсыханның  айтуына қарағанда бір күміс  жапсырма-пластина ертеректе  бір қой тұрған.

Белбеудегі   қалталар мен  салпыншақтардың  дұрыс орналастырылғандығын  атап көрсеткен жөн.  Оған айғақ келтіру үшін бұрынғы  белгілі  зерттеушілер        И.В. Захарова мен Р. Д. Ходжаеваның  пікірлеріне  жүгінейік. Олардың  айтуынша: "кісенің тап өзі жасалған  тері  тарамысынан берік  етіп бекітілген  арнаулы тері салпыншақтары болған. Олардың орналасуы мен пішіндері  толықтай  біркелкі  болып  келген, ол  аталмыш  белбеудің көнелігін көрсетеді. Белбеудің оң жағына  оттық, шақпақ, басы артық білте, мылтық майлайтын май және оқ- дәріге  арналған мүйіз  құты  салынатын  жартылай  дөңгелек  пішінді  қалта (кісе) ілінген.  Келесі жағына  сопақша  және алмұрт  тәрізді  етіп тігілген  екі  оқшантай  және  қын бекітілген .  Арт жағына  оқ-дәрісі құтысы  ілінген".

Кісенің пішініне  келсек, олар әр түрлі: бірі  төрт бұрышты,  тағы бірі сопақша келген  (біздегі) бес бұрышты  болған. Шоқан Уәлихановта оны "пирогпен" теңеу де кездеседі. Алтайлықтар кісені  қаптарға деп атайды. Кісенің "қалта" деп аталуын Шоқан Уәлихановтан да кездестіреміз. "В.В. Радловтың айтуынша " қазақ тіліндегі "қалта" деген сөз теріден тігілген әмиянды, немесе пәле-жаладан  қорғайтын  тұмарға  немесе дұғаға  арналған  қапты білдірген".  ХІХ ғасырдың  орта шеніне таман  қазақтар тұрмысының  өзгеруіне  байланысты  кісенің пішіні өзгеріп, белбеуге салпыншақтар  бекіту қажеттілігі  жойылды. Кісе таза сәндік  роль атқара бастайды. Ежелгі кіселер бірте-бірте сәнді белбеулерге айналды.  Сондықтан  ХІХ ғасырдың  соңы  мен ХХ ғасырдың басындағы белбеулер таналар, жапсырмалар  түріндегі әшекейлерінің көптігімен ерекшеленеді.  Сонымен бірге  салпыншақтары жоқ, бірақ  пішіні  мен көлемі  дәл сондай  металл таналы  белбеулер (белдік, кемер белдік, күміс белдік) пайда болды. Кемер және күміс белдіктердің  пішіні  мен  көлемі туралы сөз  қозғағанда, кейбір жәйттерді  нақтылай түсу талап етіледі. Олар кіседен  қысқарақ, тоғалары бар, кемердің тоғасы  салмақты  және үлкен, белдіктің өзінің ені 8 см және  одан  да көбірек болып келеді.

Жартылай асыл  тастармен , күміс таналармен әшекейленген  тағы бір белбеу  - күміс белдік біздің  қорға 1995  жылы түсті .  Ол осы көрменің  және мұражай  экспозициясының  ажары  болып саналады. Оны мұражайға  Тарбағатай  ауданы  Жаңаауыл  ауылының  тұрғыны, Найман руының  Бұрымбет  атасынан шыққан Абылхан Қасымұлы  Қипеев әкелген. Белдік барқыт пен теріден жасалған  оң беті  оқаланып, шеку техникасымен үш жұлдызша  түсірілген күміс  таналармен, дөңгелекше  келген ақық орнатылған  бес танамен  әшекейленген.  Өрнектеу  қазақтар тұрмысында  дәстүрге  айналған.  Оның элементтері  зергерлік  бұйымдардың  және тұрмыстық  заттардың  құрамдас бөлігі болған.  Бұл белдікті әшекейлеу кезінде  де шебер  тана шеттерінде төрт сопақша  ақық тасты бекітніштер  және ойып түсірілген өсімдік  бейнелері  арқылы  қазақтың күрделі өрнектерін пайдаланған. Тоға ақ түсті  металдан  тік бұрышты  және сәл дөңестеу   етіп жасалған.  Тоғаның  ортасына  ақ түсті  металлмен  үш қабаттап қапталған  тік бұрыш  пішінді  сарғылт қызыл  түсті  ақық орнатылған.  Тоға,  сондай-ақ  ақ түс  аясында  өсімдік  өрнегімен екі жол етіп әшекейленген.  Басқа бөлігіне  сары түсті жолақтар түсіріліп , ортаңғы жолаққа  араб қарпімен  қазақ  тілінде "Қайсабай қожаға  ескерткіш. Отарбай. 1901 ж." деп ойып жазылған.  Тапсырушының  айтуынша  белдік  оның әжесі 1909 жылы дүниеге келген жаңа ауыл тумасы Ләззат  Иткенованыкі екен.  Бірақ, тоғадағы жазба оның 1901 жылы Отарбай дегеннің Қайсабайға  сыйлағанын  айғақтайды. Соған қарағанда иесі оны әйел  мүлкі деп тапсырғанымен белдік ер адамдыкі болса керек.

Ерекше махаббатпен, жанын салумен, соншалықты  ұқыптылықпен  жасалған  бұл  белбеулер  халық  шеберлерінің аса өнерлі  болғанын дәлелдейді. Олардың бұйымдарында кескіндемеде жолақтар , пластинада  пішіндер тоғысып, табиғат элементтері  ежелгі қазақ жерінің мәдениетімен және  тұрмысымен өзіндік  үйлесім тауып жатады.

Орта ғасыр миниатюраларында  белбеу буынған жауынгерлер  мен қызметшілер  бейнеленген.  Қасына белдері буулы  садақшылар  мен сазгерлер  ерген темір ғана белбеусіз.  Автор одан  әрі былай дейді: "… жоғарыда  келтірген рәсімдік  бел  буыну екінші құбылыс, алғашқыда  оның практикалық  мәні болған, бос етек еркін қимылдауға  ерік бермеген."Дегенмен, бұл  екінші  құбылыс баяғыда-ақ  пайда болғанға  ұқсайды. Этнографтар белбеу  тағу өмір жасының  бір кезеңінен келесісіне өтуің меңзейді, деп есептейді. М.С. Сазонова (әңгіме Хорезм өзбектері  туралы болып отыр) белбеуді бозбалалар  12-15 жасынан  бастап  буынғанын , әкелері  бұл  белбеулерді "мәңгілікке" бергенін  айтады.  Осы сәттен  бастап ол жігіт саналған, әғни ол келесі  жас тобына  өткендігін  білдірген. Біртұтас  отбасындағы  бозбала  осыдан бастап , ерлермен  бірге  тамақ ішуге , қарттармен  бірге  үйдің ер кісілерге  арналған  бөлігінде  ұйықтауға  құқықты болған.  Бұрын мұның  құрметіне  той өткізген,  қой  сойып , қауымдастық мүшелерін шақырған. О.А. Сухарева Бұқарада баланың сүндет тойына  мейлінше әшекейленген белбеу жасалғанын  да айтады. Хорезм өзбектерінде  үйлену  тойы және  жерлеу  рәсімдерінде  белбеу ерекше орын алған.   Көбінің сыртынан  белбеу байланған.  Белбеу марқұм  молаға жатқызылғаннан  кейін шешіп алынған.  Ол (белбеу, желең сыртынан байланған орамал) жерлеу киіміндегі  қара тұту  белгісі болған. Өкінішке орай , бізде  белбеудің  қазақтардағы  жоғарыда  айтылған  қызметтік  мәні  туралы  деректер  жоқ.  Әйткенмен ,  белбеу еркектер үшін сақтаушы, өмірлік күштің  нышаны саналғанын  білеміз. Қазақтарда  иесі  өлген  жағдайда сырыққа оның  белбеуін  іліп қою салты  болған.  Күні бүгінге  дейін  қазақтарда  дүниеден  өткен  жақын  адамдардың, әсіресе  ата-бабалардың  мүліктерін тәбәрік санау  бар.  Олардың  қатарына көбіне аялай  сақтайтын  және қолдау -қорғау  күшіне  сенетін ерлер  белбеулері  мен қарулары  жатқызылған.  Бір  сөзбен  айтқанда, бұл мәселе  одан  әрі  зерттей  түсуді, сонымен қатар іздеу-жинау жұмыстарын жалғастыра беруді талап етеді.

Б. Елікпай

«Мәдениет жаршысы», № 4, 2005 ж.,18-22 беттер