Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Елікпай Б.М. Өткеннен өнеге

«Өткеннен өнеге» көрмесі Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған. Ол келушілерді мұражайға соңғы үш жылда түскен жәдігерлермен таныстырады. Жәдігерлер негізінде облысымыздың Жарма, Аягөз, Үржар (2004ылы), сондай-ақ, Зайсан (2006 жылы) аудандарына жасалған екі экспедиция барысыннда жиналған болатын. Алынған заттар қазақтардың XIX-XXI ғасырлардағы қолөнерінің іс жүзінде барлық түрлерін паш етеді. Дәстүрлі кілем-киіз бұйымдарындағы ою-өрнек, орындау техникасы жаңа түрлерімен, бояу түстерінің жаңаша  үйлестірілуімен ерекшеленеді. Кесте салынған сырмақтардың өздеріне назар аудартары сөзсіз.

Тығыз кесте және Шығыста ежелден қолданылатын біз кесте техникасында кестеленген бұйымдар көрмеде айтарлықтай орын алған. Бұлар - әсем тұскиіздер, киім жапқыштар, ыдыс салатын аяққаптар мен басқа да көптеген бұйымдар.

Көршілес қоныстанған халықтардың мәдениеттері өзара ықпал етіп, бірін-бірі байытып отырғаны белгілі, ал бұл процестың сәндік-қолданбалы өнерде із қалдырмауы мүмкін емес. Құстар мен гүлдер бейнеленген кейбір заттардың сәндемелері,  кестеге ұсақ моншақтардың қолдануы осымен түсіндіріледі.

Құстарға арналған жемді салып қоятын ыдыс, ешкінің бітеу терісін күдері тәрізді илеп жасаған тұлыпты қолымызға түскен бірегей олжа деп атауға болады, сондай-ақ, сарыала қамшының, саятшылық құсқа кигізілетін томағаның ерекше қызығушылық  туғызары сөзсіз. Ағаш өңдеу саласы бойынша ыыдыс-аяқтың, сандықтар мен тұғырлардың айрықша үлгілері қойылған, олар түрлі өрнектермен айшықталып, темірден ойылған оюлармен әшекейленген. Әйгілі болыс Зейнолла қажының немересі Дәулетхан Зейноллаевадан көне әмиян мен тұскиіз сатып алынды. Кәсіби зергерлер Сержан Бәшіров пен Берік Әлібайдың  авторлық еңбектері қиял  ерекшелігімен және аса шебер орындалуымен көзге түседі.

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайы жақында мұражайымызға мол жәдігерді сыйға тартты. Олардың ішінде көне ертоқымдар, ат әбзелдері, торсықтар, КСРО және Қазақстанның халық артистері Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенованың қазақ халқының ұлттық мәнерінде тігілген  концертік көйлектері бар.

Халық шеберлерінің  өзіндік жарқын өнері бояу реңктерінің байлығымаен және жоғары шеберлікпен орындалуымен тәнті етеді. Ұсынылып отырған көрме ұлттық қолданбалы өнер қырларын жан-жақты ашып көрсетеді, осылайша дәстүр сабақтастығын және халық шығармашылығы бастауының ешқашан сарқылмайтынын тағы да дәлелдей түскендей.

Аталған көрмені наурыздың 25-не дейін келіп, тамашалауға болады.

Б.Елікбай

«Дидар» газеті, №21-22, 3.03.2007 ж.