Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Зейнеп Мәжікенқызы. Ұсталық , зергерлік - киелі өнер

Ұлы дала төсінде соңғы үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелі өмір  салттың  ең  соңғы  мұрагері  қазақ  халқы . Содан  болар , көшпелі қазақтың  материялдық  және  рухани  мәдениеті  тікелей  байырғы салтпен шендесіп  жатыр .

Қазақ  даласынан  табылған  Андрон  заманындағы а рхеологиялық  олжалардың  ішінде  қолөнердің  құрал – жабдықтары   мол  ұшырасады .  Әсіресе  тастан , металдан  жасалған  ұршық  бастары, жауынгерлердің үстіндегі  асыл  металдан   дайындалған  киім  мен  қару – жарақтар   көшпелілер  арасындағы  орныққан  өндіріс деңгейі  мен  өнер  үрдісін  айқын  аңғартады .

Іле  алқабынан , Есіктен , Берел , Шіліктідегі сақ қорғандарынан  шыққан алтын , күміс , қола , темірден соғылған  өте  құнды  тұтыну  бұйымдары , ат әбзелдері , қару – жарақтар  сапасы  мен  жасалу  шеберлігі  жағынан  әлемді  таңдандыруда .

Осыдан   мыңдаған  жылдар бұрын  өмір сүрген  ата – бабаларымыз  жер қойнауының  құпиясын аша да , оның бар асылын  пайдалана да  білген.      Тұрмысқа  қажетті тұтыну бұйымдарын ,сан – алуан  әсемдік әшекейлерді, қару – жарақтарды  жасаған   . Бүл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып,   бізге дейін үзілмей жалғасып  келе жатқан  ұсталық  және  зергерлік  кәсіпті   қалыптастырған .

Демек  ұсталық  кәсіп , зергерлік  өнер  көшпелілер  өмірінде , шаруашылық және тұрмыстық қолданбалы бұйымдарды жасап , қамтамасыз  ететін  маңызды  кәсіп  үрінде  ертеден – ақ пайда болған , қалыптасып , дамыған .

Ұсталық , зергерлік  кәсіп орта ғасырға  қарай  қазақтар  арасында   айрықша   қарқын алған .  Жезқазған  төңірегі  қазақ даласындағы  металл өндірісінің  орталығына   айналған .   Мұның өзі көшпелілерді  мұздай құрсантқан   қару – жарақ , ер – тұрман , үй мүліктерінің алуан түрлерінің дүниеге  келуіне  себепші  болды .

Темірді балшықша илеп , одан түйін түйетін  шеберлердің   атын  атамай  «Ұста» деп әспеттеген . Жалпы  , ұсталық  кәсіпті  түркі  тектес  халықтар  «киелі  өнер»  деп  санаған .  «Ұста -  елден ерекше , жоғары  тәңірілік  кұшке ие  адам» -деген ұғым қалыптасқан .

Ұстаның  жұмыс орны «ұстахана»деп аталған . Ұстахананы  «қасиетті  орын»- деп түсініп  оған  сыйынып , табынатын  болған  . Ұстаның   еңбек құралдары – көрік , төс , балға , қысқаш , көсеу , қашау , шапқы , тескіш , кескіш , бұрғы , түрпі , әртүрлі кескіндегі қалыптар ,  металл балқытатын  ожау , т , б . Оларды  аялап   , ерекше  қастерлеп  күтіп  ұстаған .

Ұста ағаш көмірі , сексеуіл шоғы  арқылы темірді қыздырып , балқытып алған соң ,  соғып , құйып  қажетті  заттарды  жасай білген . Қаралау , бұрау ,  түйіндеу , қалыптау , ширатпалау , шегендеу ,  алтынмен  аптап , күміспен  күптеу  тәсілдерін меңгерген .

Х1Х  ғасырдың  екінші  жартысында   тұрмыстық тұтыну бұйымдары–жез ыдыстар , еңбек  құралдары - жер жыртатын  соқаның  шойын , темір тістері , жер қазуға арналған күрек , кетпен , егін оруға арналған орақ, шөп шабуға арналған шалғы , ат әбзелдерін  т. б жасай бастаған .

Көшпелі қазақ  дастарханының  шырайын келтірер тағамның  бір парасы  ақталған тары , қуырған  бидай , түйілген жарма , жүгері , науат , шекер , құрт , ірімшік , жент сияқтылар .  Мұндай  тағам  түрлерін  жасауда  келі – келсап  ең  бірінші  қажет мүлік . Осы мақсатта ағаш  келімен  қатар  ұсталар темірден  де  келі  жасап  пайдаланған . Шойын  қазан,  темір  мосы , ошақ тәрізді  тұтыну  бұйымдарды  жасап , молынан  қолданған .

Көшпелі өмір салтында , оның ішінде малшы өмірінде өндіріс құралы ретінде ер – тұрманның (ат  әбзелдері) алар орны айрықша . Қашанда шаруа адамының мінген аты бапты , киімі ыңғайлы , ер – тұрманы сайлы болса , онда оның бойынан кәсіби мәдениеттің лебі есіп , көрер көзді қуантып тұрады .

Ер – тұрманның құрамына ердің соқа басынан басқа тоқым ,  желдік , терлік, іштік , тебінгі , үзеңгі , құйысқан , жүген , өмілдірік ,  ауыздық , айыл , тартпа , таралғы , тұсау , шідер , кісен ,  әртүрлі    шығыршықтар  сияқты заттар кірген .  Олардың  көпшілігі  темірден  , қоладан  соғылатын болған .

Қарала  күміс   жүргізген  бабымен  жасалған  әсем  үзеңгі  , жүген , құйысқан  , өмілдірік , шынжырдан  соғылатын  тұсамыс пен кісен  ер - тұрманның көркі .

Ал ердің қасын  әсемдеу үшін күмістеудің  әртүрлі үлгісін қолдануды меңгерген  . Оның бірі  темір қақтап , оның бетіне оюлап  қошқар мүйіздеп  , күміс  қаптырады .  Кейде  қақтаған   темірді ойып , күміспен  күптейді. Жүген , құйысқан , өмілдірік ,  үзеңгілерге  де  қарала  жүргізіп , күміспен  әшекейлеген . Атты тағалау үшін темірден таға  соққан .

ХУ111 ғасырдан бастап қазақ  ұсталары қару – жарақ  жасауды  да  зор қарқынмен  қолға  ала   бастаған . Қылыш , айбалта , найзаның , жебенің ұштарын  соғып , білтелі мылтықтар құйған .   Қару – жарақ жасайтын  ұсталар аса құрметке ие болған . Ұсталар  бұл  кәсіптің  сыр- қырын  аса  құпия  ұстап , тек  өз  ұрпақтарына  ғана үйретіп, атадан – балаға  мұра   етіп  қалдырып  отырған .

Ұста , ұсталық  кәсіп туралы  қазақ  ауыз  әдебиетінде  көптеген аңыз - әңгімелер сақталған .

Кеткеніміз  оралып , жоғалғанымыз табылып ,өшкеніміз қайта жанған тәуелсіздік  шапағаты төгілген осынау кезеңде , егемендігіміздің  еңселі  жылдарының   жарқын  бір  жемісі –мемлекеттік     МӘДЕНИ МҰРА  бағдарламасның   жасалып , жүзеге  аса  бастауы .  Оның мақсаты – халқымыздың бірегей  ұлттық  мәдениетін ,  мәдени  құндылықтарын  іздеп , тауып , зерттеп  әлемге  әйгілеу . Бұл  әлемде теңдесі жоқ  әлеуметтік  жоба .

Әрбір азаматтың ата –тегін , елінің тарихын , ана тілін білуі , ұлтын сүюі қасиетті парызы , ал ұлтының әдет – ғұрпын , салт – дәстүрін , мәдениетін , өнерін  өмір  бойы  сақтап , ұстануы , дамытуы ата – баба рухы алдындағы мәңгілік борышы  мен міндеті .

Осыған орай мемлекеттік МӘДЕНИ МҰРА  бағдарламасы аясында   Облыстық сәулет -  этнографиялық , табиғый – ландшафтык мұражай – қорығында  қазақтың  ұмытылып  ,  назардан  тыс  қалыңқырып   бара жатқан  киелі де бірегей   ұсталық  кәсіп , зергерлік   өнерін  қайта  тірілту , дамыту    бағытында  ізденістер ,  зерттеу  жұмыстары   жүргізілуде .

Өңірімізде  өмір  сүрген  қазақ  ұсталары мен  зергерлерінің  мұраларын  іздеп  табу , оны   келер  ұрпаққа  жеткізу , насихаттау , табылған    жәдігерлерден  көрмелер  жабдықтау  жұмыстары  жүзеге  асырылуда .

Қазір де  мұражайдың  тұрақты  көрмесінде  қолға   түскен өте құнды жәдігерлерден  жабдықталған «Ұсталық кәсіп» бөлімі  көпшілік  назарына  үсынылған . Оның  негізін  ХХ ғысырдың  екінші  жартысында   Самар ауданында  өмір сүрген  ұста О. Аспысбаевтың  ұсталық  құрал – саймандары құрайды .   Көрмеде ХХ  ғасырдың  басында, Топиха  аулындағы жергілікті ұста  соққан  таға ,  ХХ  ғасырдың  басында  ұсталар  пайдаланған  көрік  , ХХ ғасырдың  екінші жартысында  темірден  әшекейлеп , өрнектеп жасалған ошақ , шамдалдар орын  алған .

«Зергерлік өнер» бөлімінде  жерлесіміз  зергер , көне  заттарды  жинап зерттеуші  ,   ерекше  дарынды , ешкімге  ұқсамайтын  бірегей ,  сан – салалы өнерлі ,  ЮНЕСКО -ның  «САПА БЕЛГІСІ» куәлігіне  ие болған  тұңғыш қазақ  зергері СЕРЖАН БӘШІРОВ -тың  төл  туындылары  қойылған . Оның  күмістен  жасаған  сәндік  әшекей  бұйымдары  әлемнің  әр елінде  қазақ рухын  асқақтатып жүр . Оның  жұмыстары  қазіргі зергерлік өнер өлшеміне сыймайды .   Авангардтық мәнерде жасалған әшекейлері  - тамашалаушысын таңғажайып  кескін – келбетімен , ешкімге  ұқсамас  өзіндік  қолтаңбасымен , сондай –ақ  ғасырлар  қойнауынан  жеткен  ұлттық  нақыштағы  ою - өрнектерімен , табиғат тылсымдылығын  аңғартар құпия айшық – бедерлері арқылы , сиқырлы бір әлемге жетелеп , бабалар аманатымен  жүздестіргендей болады .

Сержанның  төл    туындылары  көптеген   дүниежүзілік  көрмелерге қатысып , жүлделерге ие болған  . Әлемнің  бірталай  елдерінденде  дербес  көрмесі  ұйымдастырылған . Қазірде біздің  мұражайда оның  70 тан астам  туындылары  орын  алған . Оның  тамаша  әсемдік  бұйымдары  әлемнің    көптеген   елдерінің   мұражайларына  қойылған .

Халық  ұсталарының   қолынан шыққан  осы  бір өнер  туындылары  сан алуан қырымен , жасалу  шеберлігімен , құндылығымен  қазақ  халқының  ұлттық  байлығын  , ұсталық  , зергерлік  кәсібінің  бірегей   , ерекше  дастүрін паш  етіп тұр .

Бүгінде  бізге  белгілі  болып  отырғандай ,  осыдан  ғасыр  бұрын Тарбағатай  өңірінде ШҮРШІТТІҢ ТҮСТІКБАЙЫ атты алтын  мен  күміс ұстсған  аты  ел  аузында  қалған  ұста – зергер  өмір  сүріпті .Ол кісі ат әбзелдерін ер – тоқымға дейін күміспен күптеп жасаған .Соққан құлыптары  ашылғанда  әдемі әуен шығаратын болған . Тіпті , шекара  заставасының  тапсырысымен  шар  болаттан  қылыш  соғып , мылтық , нагандардың  затворларына  дейін  қолдан  құйған .

Ол  кісінің  көптеген   бұйымдары  республикалық , облыстық , мұражайларға  өткізілген . Кейбіреулері  Тарбағатай  ауданы , Қ . Ақынов атындағы  мектеп  мұражайында  сақталуда .

Түкеңнің  ұрпақтарынан  Болат деген шөбересі Семейде , Ерлан  деген неменесі  әскери  академияда  оқыйды . Барлығы  да  он  саусағынан  өнер  тамған  ісімер . Әке  өнері  ұрпаққа  дарыды  деген осы емеспе ?!

Ал  сол  зергердің  шәкірті  болған  Қожахмет  ақсақалдың  баласы , әке жолын  қуған  ұсталықты  кәсіп  еткен  Қожахметов  Елемес  қазір  Ахмер ауылында  тұратыны   анықталды .

Ал  Марқакөл  өңірінде  ХХ ғасырдың  басында  Қалдыбай  атты  он саусағынан  өнер  тамған   шебер  ұста  өмір  сүріпті . Оның  баласы  Мұқамәди  де  әке  кәсібін  жалғастырушы  , мұрасын  сақтаушы  білікті ұста  атанған .  Мұқамәдидің  балалары  Қабитқан , Қажымұқандар  да  үсталық , зергерлікті  меңгерген .  Қалдыбай  ұстаның  ұрпақтары  қазір Марқакөл  ауданының  Қалжыр  аулында тұрады . Қалдыбай    ұста  пайдаланған   көрік  бүгінде  де   оның   балаларында   ұстаның   көзіндей , асыл  мұра  ретінде  сақталуда .

Осы  өңірде  ХХ ғасырдың  ортасында  Ықбаев  Қалиакбер  атты  темірден түйін түйген , ат баптап , таға  соққан  тағы  да  бір  жұртқа  әйгілі  темір  ұстасы  өмірден  өткендігі  белгілі  болып отыр .

Жоғарыдағы  аттары  аталған    ұсталықты  кәсіп етіп , ел – жұртын  аса қажетті  тұтыну бұйымдары , еңбек  құралдарымен  қамтамасыз  ете  білген, тарихта  аттары  қалған   , бойларына  қасиет  пен  кие  қонған  ардақты  адамдар туралы  , олардың  төл  туындыларын  іздестіріп   әлі де мол , терең  мағлұматтар  жинау  жұмысытары  жалғастырылатын  болады .

Қазірде  Өскемен қаласында  тұратын  , қазақтың  ұсталық , зергерлік  өнерін  дамытушы , жаңаша  мәнермен  жаңғыртушы  , ХХ ғасырдың  басында  Монғолияда  өмір  сүрген  қас шебер  Зұлқарнай  ұстаның  ұрпағы  ұста  Бақыт  Кеңшілікұлы  біздің  мұражай  жұмыстарын  жетілдіруге , кейбір  көрмелерді   жабдықтауға  зор  үлесін  қосты .

Болашақта   шығыс  өңіріндегі  бұлардан  да  басқа   аты шыққан ,  ұста – зергерлерді ,  бүгінде   сол    кәсіпті   жалғастырып  , дамытушы  ,  жаңғыртушыларды  да  іздеп, тауып  олардың   баға  жетпес  өнер  туындыларын    барша  халыққа    жария  ету   біздің   мұражай  қызыметкерлерінің   басты   міндеттерінің   бірі  болмақ .

Демек  ,  халқымыздың  салт – дәстүрі , ұлттық  бай мұрасы , өнері мәңгілік  жасайды ,  жаңарып  дамый береді  .

Мәжікенова  Зейнеп  Мәжікенқызы

«Мәдениет  жаршысы»   журналы , 2008 жыл  №10