Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Баубаева І. Әйгілі коллекционер Азат Әкімбектің мұражайға тартуы

Каш
Чаш тянгя

Көптен бері облыстық этнографиялық мұражай-қорықтың этноауыл салу жоспары 2011 жылы сәтімен іске асты. Облыс әкімінің демеуімен және этнографиялық мұражай-қорық қызметкерлерінің белсенді жұмысы арқасында этноауыл көркіне енді.  Ол мынадай ұлттардың қоныстарынан тұрады: қазақ, орыс, татар, белорус, украин,  поляк қоныстары, шешендердің тұрғын мұнарасы, армян, әзірбайжан қоныстары, еврей, неміс, корей, ұйғыр үйлері. Қоныстардың ішкі көрінісі әрбір ұлттың мәдениет ерекшелігіне сай жабдықталды. Біздің мақсатымыз - тарихымыздың бір бөлшегі болып табылатын көненің көзін сақтау, құрметтеу, қастерлеу және болашақ ұрпақтың санасына дарыту.

2011 жылы этноауылдың ашылуына байланысты атақты коллекционер Азат Әкімбек, біздің өтінішімізді қуана қабыл алып, жаңа жәдігерлермен мұражай қорын толықтыруға ат салысты. Ұйғыр үйіне ұлттық мәдениетті танытатын бірсыпыра жәдігерлерді сыйға тартты.

«Қашғар зира»
Зенятлик кяшта глям

Сыйға тартқан жәдігерлердің ішінде қабырғаға ілетін кілем, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер жиынтығы, қыштан жасалынған құмыралар және т.б заттар бар.  Бұл заттар ұйғыр халқының дәстүрлі қолөнерлік кәсіптерін дәріптейді. Генетикалық терең тамырға ие болған ұйғырлардың қолөнерінде көршілес халықтармен көп ғасырлық тарихи-мәдени байланыс көрініс тапқан.  Ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерлік кәсіп халықтың эстетикалық дүниетанымын бейнелейді.


 


Комзек
Комзек

Зергерлік бұйымдар, әшекейлерді жасау ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кең етек алды.  Ежелгі кезден-ақ ұйғыр әйелдері күнделікті сырға, жүзік, білезік және шашбау сияқты әшекейлер тағып жүрген. Мейрам кездерінде бұларға қосымша өңірлерін әшекейлеп, ұлттық бас киім, көйлек, шапан киген.

Каш (түйреуіш)– әйелдердің киімдеріне тағатын ұлттық зергерлік бұйым (ұзындығы 4 см). Түйруіш геометриялық өрнектермен безендірілген және ортасында көгілдір феруза тасы бар. Бұл зергерлік бұйым ХХ ғасырда Турфан қаласында жасалынған. Қазіргі күні мұндай түйреуіштерді отбасылық мұра ретінде сақтайды немесе әртістер сахнаға шыққанда тағады.        Халық арасында бұрымды бекітетін бұйым - «Чаш тянгя» кеңінен қолданыс тапқан екен. Ұйғырдың «Чаш тянгясы» тәжіктердегі, өзбектердегі «шолпи» мен қазақтың «шолпысына» өте ұқсас. Қыздар оны әшекей ретінде, сондай-ақ салмағының әсерінен шаш ұзын болып өседі деп таққан. Тұрмыстағы әйелдер бұрымын ұзарту үшін қодастың жүнінен өрілген жасанды ұзын шашты жалғап, баумен бекітіп қояды.


 


Телпек
Чалма

Сырға тағу дүниежүзі халықтарының әйелдеріне тән әдет. Бірақ ұйғырлық сырғалардың жасалу тәсілдері, өрнектері, сәндік маржан-моншақтары және қымбатты тастары назар аударарлықтай. Шеберлер сырғаларды жасаудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолданған: балқыту, соғу, бедерлеу, өрнек жасау, нақыштау, ширатпа, өру, әртүрлі эмаль салу, алтын жалату және т.б. Ал әшекейге Қашқардың ең қымбатты ақық, маржан, лағыл, меруерт, інжу сияқты тастарды пайдаланылды. Қашқарлық шеберлердің қолымен соғылған сырғаларды кейде «Қашғар зира» деп те атаған.

Қабырғаға ілетін зенятлик кяшта глям (кілем) – мақта-матадан тігіліп, өсімдіктәріздес оюлармен өрнектелген. Кілемде негізінен ақ және сары түймедақ гүлдері бейнеленген. Ұйғыр халқында кілем тоқу өнері 2000 жыл бұрын дамыған. Азат Әкімбектің айтуы бойынша мұражай-қорыққа сыйға тартылған кілем ХХ ғасырдың басында Қытай Халық Республикасының Синьцзян Ұйғыр Автономиялық районындағы Турфан қаласында жасалған. Турфандық кілемдер сапасымен әлемге танымал болған. Әрбір  ұйғыр үйінде кілемдердің сан алуан түрін кездестіруге болады, сондықтан да халық арасында «Кедей болсаң кілем сатып ал» деген мәтел бекерге тарамаған.

 


Допалар
Допалар

Ежелден дамыған халық кәсіпшілігінің бір түрі – комзек (қыш құмыралар)өндіру. Құмыралар көлемді болған және көшпенді халықтардың ыңғайына орай саздан мықты етіп, күйдіріліп жасалған. Қыш өндіру шеберлігінің құпиясы дәстүр бойынша ұрпақтан ұрпаққа таралған. Ыдыс-аяқтарды пеште күйдіру үшін сәйкестілік арақатынасы мен жоғары деңгейлі шеберлілік қасиет қажет. Қышшылар өз жұмыстарын қолмен орындайды, сондықтан да ыдыстардың түсі және пішін үйлесімділігі қатаң сақталады. Ұйғырлық қыш өнімдері өзіндік жоғары эстетикалық құны бар, теңдесі жоқ өнер болып саналады. Қазіргі күні бүкіл әлемнің назарында. Жергілікті шеберлер қыштан тұрмысқа қажетті тағы да басқа заттар өндірген. Құмыралардың жасалынған жері мен уақыты Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласы ХVIII ғасырдың соңы немесе XIX ғасырдың басы деп мерзімделген.

Ұлттық киім үлгілері халықтың шаруашылығын, этникалық дәстүрлерін, әлеуметтік қатынастарын, діни көзқарастарын, эстетикалық нормаларын айқындайды. Киімдердің ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халық тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар.

Телпек – ұйғыр әйелдерінің бас киімі. Хотан облысының Керия ауданында тұратын әйелдер,  орамалдың сыртынан, қара қойдың жүнінен тоқылған телпек киген. Ал дөңгеленген жоғарғы бөлігі ақ түсті «зер басқан» материалдан тігілген. Телпектің ішкі жағына жұмсақ, лайка материалы пайдаланылады. Бұл бас киім ұйғыр әйелін сұлу әрі тартымды етіп көрсетеді. Бір ерекшелігі телпекті екінші рет тұрмыс құрған әйел адамдар ғана киеді. Бір жаққа қарай қиғашынан іліп киіледі.

Допалар
Пирлянке

Мұсылман ерлерінің басын орауға арналған, барлық ортаазиялық халықтарға тән бас киім - чалма (қазақша - шалма) болып табылады. Ол сұр түсті жібектен тігілген орамал (ұзындығы 450 см). Мұндай орамалдар ислам діні енген уақыттан бастап халық арасында кең таралды. Чалманы әдетте тақияның сыртынан орайды. Ол - мұсылмандар арасында абырой мен беделділіктің белгісі, ауқатты жанұядан шыққандықты білдіреді. А.Әкімбектің мұражай-қорыққа өткізген бас киімі Шығыс Түркістанның Хотан қаласында шамамен ХІХ ғасырдың соңында тігілген.

Ал допа болса әйелдерге, ерлерге және балаларға да  бірдей арналған бас киім. Көлеміне байланысты допаның пішіндері аласа және биік, төбесінің пішініне қарай конустәріздес, қырлы және дөңгелек болып келеді. Балалардың және әйел адамдардың  тақиялары ерлердікіне қарағанда сәндірек безендіріледі. Мұндай тақияларды қашғарлықтар жиі киген. Сондықтан да «қашқар допа» немесе «бадам допа» деген атаулары жиі қолданылады. Тақияларда көп кездесетін өрнектердің бірі миндаль гүлдері немесе «бадам» деп те атайды. Ал бадам құнарлылықтың және зұлым күштерден сақтаудың белгісі.

Әйелдердің алтын түстес жібектен тігілген ұлттық көйлектерінің бірі – пирлянке. Көйлек жапырақ тәріздес өрнектермен безендірілген. Кең пішімді, жеңі ұзын және жағасы V-тәріздес. Көйлектің осындай түрлерін 30-40 жас аралығындағы әйелдер киген.

Чапан

Бүкіл Орта Азия халықтарына тән чапан (шапан) - ұйғырлардың да ұлттық киімі. Ол барқыттан сырып тігілген. Шапан негізінен қайырма жағалы, кейде тік жағалы да болады. Жетісулық ұйғырлардың шапаны тік жағалы және тамағына дейін түймеленген. Кей кездері түйме орнына күміс қапсырма (ілгек) тағады. Ал ферғаналық ұйғырлардың шапаны ойық жағалы болып келеді. Тігілу мәнері, материалы, әшекейленуі арқылы, оны киген адамның әлеу­мет­тік жағдайы немесе кәсібі айқын аңғары­лып тұрған.

Азат Әкімбек табыс еткен бұйымдардың барлығы да мұражай-қорықтың экспозицияларынынан лайықты орын алды. Азат Әкімбек жөнінде айта кетсек, 1949 жылы Синцзян Ұйғыр Автономиялық Районында Құлжа қаласында дүниеге келген, өз халқының нағыз патриоты. 1963 жылы жанұясымен Қазақстанға Алматы қаласына көшіп келеді. Ең ірі коллекциялары орыс иконалары, ежелгі қарулар, мүсіндер, музыкалық аспаптар, бақыр тиындар және т.б. 1977 жылы алғаш рет Ә.Қастеев атындағы мұражайда ұйғыр халқының қолданбалы көркем қолөнерін танытатын біршама жәдігерлер жинағын көрсететін көрме ашты. Сонымен қатар «Ретро Казахстан», «Қазақ-оралмандардың халық өнері»  атты ірі көрмелерін атай кеткен жөн.

Ол Париж Гильдиясы антикварларының құрметті мүшесі, «Мінсіз іскерлік беделі» үшін халықаралық алтын медальға, Италияның «Рыцарлық крест» орденіне ие болған, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері. Құрметті Азат Әкіметке этнографиялық мұражай – қорықтың ұжымы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Каримова Р.У. Традиционные художественные ремесла и промыслы уйгуров. –А: Дайк-Пресс, 2005.
  2. Ювелирные украшения народов Средней Азии  и Казахстана. –М; 1984.
  3. Масумжан З. Обряды традиции уйгуров. –Алматы: ИД «МИР», 2010
  4. Восточный Туркестан и Средняя Азия в системе культур древнего и средневекового востока. Л.А. Чвырь. –М: «Наука», 1986г.
  5. http://uighur.narod.ru/uigur1/Azat-Akimbek.html
  6. http://www.caravan.kz/article/8976/print

Баубаева Іңкәр

«Мәдениет жаршысы-Вестник культуры», 2011 г., № 11