Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Дарын Нұрсапаров. Хайуанаттар бағының аюлары қысқы ұйқыға жатпайды. Дидар г., 1 наурыз 2013 ж.

Биылғы қыстың қасат қары, аязы, бораны аңға да, адамға да оңай

соғып жатқан жоқ. Қыс күнтізбеде біткенмен, аулада әлі айдан астам

уақыт әлек салары анық. Біз осы ретте облыс орталығында орналасқан

хайуанаттар бағының қыста қалай күнелтіп жатқанын көріп-біліп

қайттық.

Жаз айларында адамдардан арылмайтын хайуанаттар бағы қыстың күні тым-тырыс. Мұндағы суыққа осал келетін жылы жақтың құстары мен сүтқоректілерін қыс айларында жылы жерге орналастырады екен. Әр жануардың өз рационы, азықтану мөлшері, стандартты жағдайға қойылған температурасы бар. Қысқасы, бақтағы жануарлар қыста былқ етпепті. Жылы жер, мол жем-шөп, жайлы күтім дегендей.

Сол түйе, сол қасқырлар, аунақшыған аюлар қыстың қызығын көппен бірге көріп жатыр. Еркін, табиғи жағдайда өмір сүріп жатқан жоқ дегені болмаса мұндағы хайуанаттардың күйі жақсы. Бұғылар бұрын қамалған тар жер кеңейіп, олар кең аумаққа шығарылған. Айтпақшы, зообақ жаңа жануармен толығыпты. Өткен жаздың орта шенінде Ұлан ауданы, Бестерек ауылындағы «Сайлау» шаруа қожалығы аңдар бағына бұланның бұзауын тапсырғанын айта кетейік. Өрістен қайтқан отар қойдың арасында тәлтіректеп жүрген бұланның төлін ауыл тұрғындары бірден хайуанаттар бағына әкеліп берген.

- Енесінен көз жазып қалған болуы керек, әкелгенде тым әлсіз болды. Алғашында емізік арқылы қолдан тамақтандырып отырдық, кейін үйреніп кетті, - дейді зообак, меңгерушісі Зейнетдин Шәмшиев.

Қазір 7-8 айға келіп қалған еркек бұлан   күреңсені   күрт-күрт  шайнап, алаңсыз тұр. Аюлар табиғи жағдайда қыста ұйықтауы керек, апанның жоқтығынан біздің аюлар қазір ояу. Бір қызығы, олар қараша, желтоқсан айларында бір түрлі маужырап жүріпті.

80-нен астам сүтқоректі, 240-тай құс мекен етіп жатқан этноауылдағы хайуанаттар бағы биылғы қысқа тас түйін дайындалыпты. Төбесі жабылған арнайы мал азығы сақталатын орында 40 тоннадай шөп бар. Бұғы мен марал, еліктің түр-түрі қыс бойы осы азықты жеп, жүндері жылтырап тұр. Қашыр, есок, жылқылар, асықпай күйсейтін түйелердің де мұнда бірнешеуі бар. Әр түйе күніне 10 келі шөп, 3 келі арнайы жем жейді екен. Естеріңізде болса, өткен жылы осы зообақта дүниеге бота келгенін жазған болатынбыз, қазір ботамыз өсіп, тайлақ болып қалыпты. Түйелердің қисаймай түп-түзу тұрған өркештері, мұндағы жануарлар жағдайының жаман еместігін әйгілеп тұрғандай. Түз тағысы қасқырлар да күнделікті берілетін арнайы ботқамен қоректендірілуде. Әр хайуанаттың хал-жағдайын     ветеринарлар жиі қадағалап отырады.

Зообақта еңбек ететін жұмысшылар мұндағы жануарлардың әрк,айсысына өз малындай қарайды екен. Олардың күнде астын тазалап, жемшөбін беріп, еркелетіп отыруға да үлкен шыдам керек. Біз барғанда ешқандай техникасыз әр жануардың  алдына қолшанамен шөп тасып, су әкеліп құйып жүрген жігіттер өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтарын айтты.

Осы мекемеде 9 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ветеринар Айдархан Төлегеновтың айтуынша, зообақта шешімін таппай жатқан мәселелер де жетерлік. Мысалы, аюлар жүрген қоршаудың төбесін жабу керек. Қонжықтар өсіп, күннен-күнге жоғарыға өрмелеуді шығарып келе жатыр екен. Қоршаудың төбесін төрмен жаппаса күндердің бір күнінде аюлардың төбеден шығып кетуі де ғажап емес. Қыс бойы тоқтамай жауған қарды зообақ жұмысшылары қолмен күреп, әбден титықтаған екен.

- Бұл жерге техника кіре алмайды, қыс бойы қармен алыстық, ал жігіттердің алатын жалақысы 30 мың теңгенің айналасында ғана, басшылық осыны ескеріп, адал еңбек етіп жүрген зообақ  қызметкерлерінің мардымсыз жалақысын көтерсе, - дейді Айдархан Төлегенов.

- Алда жайма-шуақ жаз келе жатыр. Этноауылдағы зообақ – Өскемендегі ең ғажайып мәдени демалыс орындарының бірі. Мұндағы жұмысшылар болса, торда отырған әр торғай үшін жауапты. Қыс болсын, жаз болсын олар қамаудағы хайуанаттармен бірге тыныстап келеді, демек, бақтағы әр жануар солардың арқасында өсіп-өніп келеді.

Дарын Нұрсапаров.

Дидар г., 1 наурыз 2013 ж.