Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Бодаухан Тоқанұлы. Шығыс сәулетінің шырайын ашты

Кеше Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражайында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстан қазақтарының XIX ғасырдың басындағы мемориалдық сәулетшілігі» атты фотокөрме ашылды.

Бұл көрме сәулет өнерінің докторы Е.Байтеновтың басшылығымен жүргізілген ғылыми-зерттеу экспедициясы материалдары негізінде ұйымдастырылған.

Шараның ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қатысып, фотокөрменің лентасын қиды. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жұртшылыққа ұсынылған бұл көрмені ұйымдастырған мұражай ұжымына ризашылығын білдірді.

Көрмеге облыстың Аягөз, Зайсан, Тарбағатай аудандарында орналасқан жиырма ескерткіштің фотосуреттері қойылып, кесене иесінің өмірбаяны мен құрылыстың тарихынан деректер берілген.

Фотосуреттердегі тарихи ескерткіш-кесенелердің бірін-бірі қайталамайтын сәулеттік сәнді үлгілері халқымыздың еліне сыйлы ақылгөй даналарын қастерлеудегі ыждағаттылығынан, дәстүр-салтынан сыр шертеді. Боқбасар Жобалай билердің, Бөдес, Балтабек қажының кесенелері – осының айғағы. Бұл ескерткіштердің көпшілігінің Аягөз, Ақсуат өңірінде орналасуы осы өлкелердің тарихтан шертер сыры мол, қасиет қонған құт мекен екендігін көрсетеді.

Жалпы, Шығыс Қазақстандағы сәулет өнерінің, көне ескерткіштерінің зерттелуі кенже қалғаны болмаса, қазақ даласындағы сәулетөнерінің құрамдас бөлігі, қайталанбас өнер туындылары екеніне осы көрме арқылы көз жеткізуге болады. Мәселен, Балтабек қажы кесенесі Қазақстандағы шикі кірпіштен салынған ең биік мемориалдық құрылыс болса, Сарышолақ, Омар кесенелері көпкамералық композицияның озық үлгісі екендігімен ерекшеленеді.

Көрмеге жиналған қауым бабаларымыздың сәулетті кесенелерін зейін қоя тамашалап, ғажайып көрме ұйымдастырған мұражай ұжымына ризашылықтарын білдіріп жатты.

Көрме қазақ мемориалдық сәулет өнерінің көркін, ұлттық ерекшелігін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бүгінгі ұрпаққа шынайы насихаттауымен маңызға ие.

Бодаухан Тоқанұлы

г. Дидар, 2010 ж., 15 желтоқсан