Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Әлімжан Қадылбекұлы, Арайлым Басшыбек, Раушан Нұғманбекова. Астана күні айрықша атап өтілді

Сол жағалаудағы сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығына қарасты этноауылда жиналған қала тұрғындары мен қонақтарды облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев Астана күні мерекесімен құттықтады.

- Құрметті жиналған қауым, қонақтар! Бүгін – ерекше  мереке. Тәуелсіздігіміздің арқасында пайда болған бұл мереке – тек қана астаналықтардың емес, бүкіл қазақстандықтардың мерекесі. Біз Астанамен мақтанамыз, марқаямыз. Астананы Тәуелсіздіктің тұмары, Қазақстанның жетістіктерінің жемісі деп айтуға болады.

Астана арқылы, кейінгі кезде Қазақстанды дүние жүзі біліп жатыр. Астанада соңғы жылдары көптеген халықаралық экономикалық, саяси, мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Былтырдың өзінде, өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы 11 жылда өтпеген үлкен 57 мемлекет қатысқан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті болды.

Жақында ғана 57 мемлекет қатысқан Ислам конференциясы өтті. Біз Астананы ары қарай насихаттауымыз керек. Тек қана астаналықтар емес, бүкіл қазақстандықтар Астананың көркеюі үшін, дамуы үшін еңбек етуі керек. Біз шығысқазақстандықтар да оған өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Бүгінгі Өскеменде және басқа да елді-мекендерде болып жатқан іс-шаралардың барлығы осыған бағытталған.

Мен жаңа ғана Астанадан келдім, Астананың барлық жерінде үлкен-үлкен шаралар өткізіліп, Астана халқы, келген қонақтар мерекені тойлап жатыр.

Бұрынғы, ежелгі дәстүрімізге сай келген «Қымызмұрындық мерекесін» өткізіп жатырмыз. Тәуелсіздіктің арқасында ежелгі дәстүрімізді жаңғыртып, болашақ жастарға осының барлығын үйретуіміз керек. Сондықтан, бүгінгі мерекеміз құтты болсын, еліміздің, оның ішінде Ақордамыздың мәртебесі өсе берсін, - деді облыс басшысы.

Одан соң ашық аспан астында Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Көк жүзінде күн шуағын мерейлене төгіп, мерекені тойлауға келген қауымның көңіл-күйін көтере түсті. Этноауылда Катонқарағай ауданының жылқы шаруашылығын өркендете бастаған азаматтары көнеден келе жатқан қымызмұрындық дәстүрін жаңартып, келген қонақтарға қымызын ұсынды. Ақ дастарқан басында ақ жаулықты Дәриға әжей балдай қымызды сапырып, дәм татыру жоралғысын жасап, емдік қасиеттерін де айтып жатты.

Міне, сахнаға ұлттың мәдени бірлестіктері бүгінгі мерекеге ән-шашуын дайындап келді. Біз де көптен күткен Астана күніне жақсы әзірлікпен келдік. Астанада болмасақ та көңіліміз солармен бірге. Қазақстанымыздың көркем қаласын, Елордамызды мақтан етеміз, - дейді «Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшесі Шолпан Жиенбайқызы.

Одан соң облыстық ақсақалдар алқасының жанынан ұйымдастырылған «Ата мұра» ансамблінің құрамында жетпістен асқан ақсақалдар Зәмза Қырықбаев, Қуанышбай Оқманов, Бақдәулет Мүрсәлімов, сондай-ақ, Гүлнар Сайфуллина, Евгений және Надежда Эрбес, Людмила Попова бастаған «Ульбиночка» ансамблі де өнер көрсетті.

- Еліміздегі халықтар достығы мен татулығы күннен-күнге нығая түсуде. Біз, белорустар, бүгінгі мерекені қала тұрғындарымен бірге атап өтіп жатқанымызға қуаныштымыз, - дейді белорус этнобірлестігінің төрағасы Владимир Магазинщиков.

Асқақтай төгілген әндер аспанға шарықтап толастар емес. Шығыстың әнұранына айналған «Өр Алтай» әнін өскемендік Балқаш Сағитқызы мен жаңабұқтырмалық Өкен Қасымов домбыраның әуенімен жарастырып көрермендер қошеметімен нақышына келтіре орындап шықты.

Жарма ауданынан келген 83 жастағы Уәсиха Кәрібжанованы қуаныш үстінде жолықтырдық. 11 бала тәрбиелеп өсірген Ардақты ана мұражай-қорықты аралап қызықтап жатқанын айтып, «Астананың туған күні құтты   болсын. Көңіл күйім тамаша, қуаныштымыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген тілегін білдірді.

Этноауылда Астана күні мерекесіне арналып балалар үшін қызықты бағдарламалар ұйымдастырылыпты. «Қыз қуу» деп аталатын жарысқа ойыншық атқа мінген бүлдіршіндер қатысып, ата-аналары мен ойынды тамашалап тұрғандардың көңілдерін көтере түсті.

- Астана күніне арналған мерекенің биылғы ерекшелігі – халқымыздың ежелгі дәстүрі қымызмұрындықты қосып отырмыз. Қымызды жазда бірінші ашытқанда туыстарын, көршілерін шақырып, жақсылықтың жоралғысы ретінде достықты, ынтымақты дәріптейді. Осы ырымды жандандырайық деп өткізіп жатырмыз. Шілде айында ұттық этнобірлестіктер демалыс күндері концерттерін қоюды жоспарлап отыр, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев.

Әлімжан Қадылбекұлы,

Арайлым Басшыбек,

Раушан Нұғманбекова

г. Дидар, 2011 ж., 7 шілде