Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Көрмелер

Рухани жанғыру

Фотограф жалғыз дана сурет түсіреді

Солжағалық кешеннің Үлкен залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музей-қорықтың маман-фотографы Сергей Суровтың «Менің қасиетті өлкем» атты фотокөрмесі ашылды.

 

Сергей Борисович Суров Ленинградтың кино инженерлерін даярлайтын институтында (қазір - Санкт-Петербург мемлекеттік кино және телевидение институты) білім алған. Ол алғашқы курстарда оқи жүріп,   «Ленфильм» киностудиясында тәжірибеден өткен кезде-ақ кинооператор болуға бел буды.  Сергей Суров институтты тәмамдаған соң туған қаласы -  Өскеменге оралып, 20 жыл бойы табан аудармастан облыстық телестудияда, одан соң мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясында 10 жылдай  оператор болып істеді және облыстық «Рудный Алтай» газетінде  фототілші қызметін атқарды. Оның бұл көрмесі музейдің «Ең бастысы дарындылық туралы» атты жобасы шеңберінде және музей-қорықтың 50 жылдығына орайластырылып өтуде.…

«Біз бұл жобаны тегіннен-тегін бұлай атаған жоқпыз, - деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған музей директорының орынбасары Тамара Быкова. – Біз оған дарынды адамдарды көбірек тартуды ойластырудамыз. Және аталған жобаны біздің қызметкерлер бастап отырғаны өте сүйінішті. Жалпы, музейде қызмет істейтіндер арасында дарындылар көбірек болса,  музейге келушілер үшін қызықты бола түсері хақ. Бұған қоса, аталған жоба рухани мұрагерлікті сақтау мақсат етілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сай келеді. Ал рухани мұрагерлік адам алғаш дүние есігін ашқан мекеннен бастау алады».

Көрмеде 60 фотоеңбек орын тепкен және олардың барлығы да біздің өлкеміз, ондағы адамдар, сұлу табиғат және түрлі оқиғалар мен Өскемен қаласы жайлы сыр шертеді. Мәселен, өскемендік журналист Людмила  Евженкованы Суров суреттерінің шабыттандырғаны соншалық, ол  солардағы бейнелерді келтіре отырып, өлең шумақтарын тудырыпты. Олар былай өрнектеледі: «Фотограф жалғыз дана сурет түсіреді, қараңғылықтан  жарық сәуле суырып».

          Ал Сергей Суровтың өзі болса айналадағы көңіл жеткен дүниені тезірек түсіріп үлгеру аса қажет дегенді айтады, «Менде бірде-бір қатып қалған кадр жоқ. Көрдім, таңдай қақтым, алайда, түсіріп үлгермедім де, барлығын жіберіп алдым. Сондықтан көргенімді қас-қағымда түсіріп үлгермесем, ол сәт көзден бұл-бұл ұшты деген сөз» деп ағынан жарылды. Ол сол себепті еңбек жолын енді ғана бастаған фотографтарға  үнемі формада болу керектігі туралы кеңес береді.

ШҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова   Сергей Суров пен оның әріптестерін көрменің ашылуымен құттықтап, маман-фотографқа Алғыс хат табыстады. Салтанат иесін облыстық «Рудный Алтай» газетінің бас редакторы Ольга Шабалинв, «Реал-тайм»  студиясының директоры Саид Фазылов, шығысқазақстандық журналист Вера Лазарева және басқа да әріптестері мен достары құттықтады.  Қалалық «Эхо» музыкалық клубының өкілдерімен бірге саз төгілтіп, ән шырқаған музей қызметкерлерінің өнері мерекелік көңіл-күйді одан сайын шалқытты. «Менің қасиетті өлкем» атты бұл көрме Солжағалық кешеннің Үлкен павильонында жаз бойы жұмыс істемек.

 

 

Музей-қорықтың баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Алексей Мазницын.