• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Естаева Г. «Хачкар» - армян халқының нышаны

Естаева Г. «Хачкар» - армян халқының нышаны

Гегард шіркеуіндегі хачкар
Норатустағы хачкарлар тобы

Ерте уақыттан бері армян халқының шеберлері бұйым жасау үшін тасты негізгі шикізат ретінде қолдана білген. Арменияның жерінде мұндай ескерткіштер көптеп кездеседі. Әсіресе халықтың көңілінен шыққаны – «хачкарлар». «Хач» - армян тілінен аударғанда крест, ал «кар» - тас дегенді білдіріп, «тас-крест» деп аударылады. Алайда «хачкар» тас қана емес, бұл армян халқының тарихын бейнелейтін ескерткіш. Хачкарлардың пайда болуы 301 жылы Арменияның христиан дінін қабылдауымен тығыз байланысты. Пұтқа табынушылық ескерткіштердің орнына биіктігі адам бойындай ағаш крестер орнатылған, алайда әлі толық қалыптаспаған жас діннің қарсыластары оларды жағып тастайтын болғандықтан, христиандар ағашты таспен алмастырып, қанатты крестер тұрғызатын болды. Содан бері тас ескерткіштер кеңінен таралып, ал V-ші ғасырдан бастап хачкарларды бейнелеуде шеберлер көркемдік әшекейлеу элементтерін қолданады. Уақыт өте тас крестердің бейнесі түрленіп, көркейе түседі. Сондықтан хачкар армян халқының ортағасырлық  көркем өнерінің туындысы болып табылады.

Негізінен хачкардың тұғыры бір метр болып, одан жоғары бір жарым метр биіктікте орнатылды, көбінесе жанартау базальтынан немесе туфтан жасалады. Алайда, хачкардың  көлемі бұдан үлкен немесе кіші де болуы мүмкін. Тас арнайы құрал арқылы жерге бекітіліп, қабір тақтасына, жартас түбіне, шіркеу қабырғаларына қағылды. Ол жол тораптарында, немесе басқа да  орындарда айтулы  оқиғаға арналып немесе сән үшін қойылады. Жуандығы көбінде он бес, кейде тіпті жиырма сантиметрге дейін жеткен. Хачкардың жоғарғы бөлігі еңкіш етіп тұрғызылады.

Хачкарды жасау ережесі бойынша шебер кресті кәсектің ішіне қашап салады, ал айналасында гүлдер, шөптесін өсімдіктер, жемістер, адамдар, жануарлар мен құстар, сондай-ақ әртүрлі ою-өрнектер  бейнеленген. Ат үстіндегі найзасы бар жауынгер, күнделікті киімдегі шаруа, дін қызметшісі, сәби мен ана бейнеленген хачкарлар да көптеп кездеседі. Хачкарды әшекейлеу ұстаның өзіндік шеберлігіне байланысты. Грек ғалымы Мицос Александропулос: «олар үлкен тасты шілтерге, кілемге, бақшаға, өлеңге айналдырады»  деп таңдана пікір білдірген.  Армян жерінде ондаған мың осындай «бақшалар» мен «өлеңдер» кездеседі және әрқайсысы қайталанбас туынды.

хачкар - тас крест

Арменияда хачкарлардың жүздеп, тіпті мыңдап жиналған орындары да кездеседі. Бұған Норатус елді мекеніндегі ортағасырлық жерлеу орны мысал   бола алады. Мұнда 900-ге  таяу тас крестер жиналған, олардың кейбіреулерінің биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді. Арменияда қабырғадағы хачкар ерекше құрметтелген. Бұл үшін қабырғада ойықша жасалып хачкар орнатылады. Осылайша хачкар тек сәндік ғана емес, киелі қасиет нышаны болды. Мұндай хачкарлардың  жиынтығы армяндардың көне шіркеуі Гегардта бар.

«Варпет» - деп хас тас шеберлерін атайды. Арменияда нағыз варпет болу үшін бұл кәсіпке балалық шақтан үйрену керек. Ең атақты Павгос, Момик, Петрос, Вартан есімді варпеттер  армян мәдениетінде маңызды туындылар қалдырды.

Өзінің дамуына қарай хачкар өнері келесі пішіннің қалыптасуы (ІХ-ХІ ғасырлар), классикалық (XI-XIV ғасырлар) және кейінгі, пост-классикалық (XIV ғасырдан біздің күнімізге дейін) кезеңдерден тұрады.  Хачкар өнерінің гүлдену кезеңі  Армян мемлекетінің араб басқыншыларынан азат болған халқының дінге деген сенімі артып, шіркеу мен рухани өмірдің үйлесім тапқан  уақытына сай келеді.

Өзінің қалыптасуы мен дамуының  бастапқы кезеңінде, яғни VIII-X ғасырларда, хачкарлардың  көркем-өнердегі рөлі болмай, олар Армения аумағындағы христиан дінінің белгісі  ретінде ғана қолданылды. ХІ ғасырда хачкардың даму деңгейі мен бейнелеу мәнері күрделене түседі, бұған Арменияның әр жерінде сақталған, әсіресе бай шіркеулердегі хачкарлар дәлел бола алады. ХІ ғасырдағы хачкарлардың сәндік мәні ерекшелене түсті. Крестің төменгі жағындағы сурет геометриялық сипат алып, өсімдіктік өрнектен алыстай берді.

ХІ-ХІІ ғасырларда хачкарлардың таралу өрісі кеңейеді. Мемориалды хачкарлардың жаңа  түрлері мен пішіндері пайда болады. Бұған қабырғаға енгізілген, жеке, топтық тұрғандар, арнайы ойықтарға қойылғандар(вормнапак) және тағы басқалары жатады.

ХІІ-ХІІІ ғасырларда хачкарлардың жаңа көркемдік топтары қалыптаса бастайды, мұндағы ерекшелік, хачкардың тұғыры күрделі жүйеге айналдырылған. Жүзім сабағына немесе анар өркендеріне айналып көркейтілген хачкарлардың түрлері осы кезде кеңінен тарала бастайды. Сонымен қатар, осы кезеңде  хачкардың төмеңгі тұсының екі қапталында өсімдік ретінде ұсақ крестер «хачбурлар» пайда болған  «тас крестер» қалыптасты.

Кейіңгі ортағасырлық кезең, XIV-XVII ғасырларда, хачкар өнері одан әрі дами түседі. Осы орайда Джугин мектебінің ескерткіштерін атап айтқан жөн. Олардың қатарына көркемділігі жоғары және стильдік ерекшелігі мол хачкарлар жатады. Басты ерекшелігі ұзартылған үлгідегі ою-өрнек элементтері молынан  қолданылған болып табылады.

XVII ғасыр хачкар өнерінде қорытынды кезең болып саналды, себебі сол кездегі хачкарлардың Армения аумағында көптеген мөлшерлерде  пайда болуы тіркелмеген. Бұған орай  XVIII-XIX ғасырларда ұлттық қалыптағы хачкар өнері Батыс Армения аумағында дамыды.

«Тас крестердің» бейнелерін жаңадан жасауға деген қызығушылық ХХ ғасырдың ортасында байқалады, ал қазіргі Армения аумағында хачкар өнері дамуының шыңы 1990-2000 жылдарға сай келеді.

Армян халқы өзінің көпғасырлық тарихында жоғары көркем мәдениеттің бай қазынасын қалыптастырды. Осылайша, «хачкарлар» -   армяндардың ортағасырлық өнерінің өзіндік көрінісіне айналды. Хачкар - армяндық мүсін өнерінің өте маңызды саласы, өзінің көркемдік және ұлттық нақыштылығымен армян халқының христиандық сенімінің, оның отаншылдығының, мәдениетінің деңгейін көрсетеді.

Әдебиеттер тізімі:

  1. А.А.Довлатбекян., Автореферат «Тенденции и традиции развития хачкаров в контексте народной культуры Армении», С.Г.Строганов атындағы Мәскеу Мемлекеттік көркем-өнеркәсіптік университеті, Мәскеу,2005.
  2. А.Полонский, «Богословение в камне,армянские хачкары и путь преображения».  http://kastopravda.ru/kastalia/orient/hachkar.htm. 2005г.
  3. http://referat.ru

Гүлім  Естаева

«Мәдениет жаршысы-Вестник культуры», 2011 г., № 10

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …