
Халықаралық музей күні аясында ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеу мақсатында 2026 жылдың 15–16 мамыры күндері Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан этнографиялық музейінің Солжағалық кешені аумағында (Сәтбаев даңғылы, 92) «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалін өткізу жоспарланған.
Фестивальға Қазақстанның және шетелдердің түрлі өңірлерінен (Өзбекстан, ҚХР, Ресей Федерациясы, Моңғолия) келген шеберлер мен қолөнершілер, этнодизайнерлер, музейлер мен креативті индустрияны дамыту орталықтарының өкілдері қатысады. Көрермендердің назарына кұрақ құраудың, кілем тоқудың, киізден жасалған бұйымдардың, гобелендердің және дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнердің басқа да бұйымдарының бірегей үлгілері ұсынылады.
Фестиваль аясында:
- «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізе отырып, «Аламан құрақ – 2026» жобасын (жоба авторы Н. Абайқан) өткізу қарастырылған.
- жетекші шеберлердің шеберлік сағаттары,
- тақырыптық көрмелер мен шығармашылық зертханалар,
- облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу,
- облыстың аудандары мен қалаларының мәдениет қызметкерлері үшін бейінді сарапшылардың қатысуымен материалдық емес мәдени мұра мәселелері бойынша оқыту семинары.
Фестивальдің концерттік бағдарламасы Қазақстаннан және шетелден келген танымал этникалық музыка орындаушыларын бір арнаға тоғыстырып, сахна төрінде Еділ Құсайынов (Астана), Серәлі Мұхамедсадыков (Семей), Далайхан Алпамыс (Моңғолия), Асқарұлы Зайт (ҚХР), сондай-ақ «Қорқыт» (Астана) және «Барқытбел» (Тарбағатай) этнофольклорлық ансамбльдері өнер көрсетеді.
«Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі мәдениеттер диалогына арналған жарқын алаң, сәндік-қолданбалы өнер дәстүрлерін сақтап, оны ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді, сондай-ақ жаңа шығармашылық бастамаларға қанат бітіретін шабыт көзі болмақ.
Сіздерді мереке күндері күтеміз! Кіру тегін!







