Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Болат Салықбаев. «Қазақстан – 2050»

Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы

Жақсылық Омар:

Бұл жаңа жетістіктерге жол ашатын Жолдау

- Жақсылық Мұқашұлы, Елбасымыздың жаңа Жолдауы жайында осылай деп сөз бастауыңыздың себебі неде?

- Бұл баршамызға түсінікті ғой. Қазақстандықтармен қатар бүкіл әлем қауымдастығы және саяси күштер Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын аса маңызды тарихи құжат ретінде бағалап айтуда. Нұр­сұлтан Әбішұлы Жолдауында біздің мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналар кезендерін, алғы міндеттерімімізді жан-жақты саралап берді.

Ол біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымызды үлкен мақтанышпен айтты. Бұл – ақиқат. Елбасы атап айтқандай, біз шекарамызды заңдық тұрғыдан рәсімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Сондай-ақ, билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.

Міне, осының бәрінің мәдениетке тікелей қатысы бар демекпін. Өйткені, экономикасы нығайған, басқару жүйесі кемелденген және әлеуметтік-саяси өмірдің проблемалары шешімін тапқан елде ғана мәдениет алға басып, халық өзінің рухани құндылықтарымен сусындайды, оларды дамытады. Бұл ретте Қазақстан шын мәнінде үлгі бола алады. Мұны шырайлы Шығыс жерінен де көріп жүрген боларсыздар деп ойлаймын.

- Осы айтқандарыңызды толықтай түсуге мәдени қызметтегі жетістіктеріңіз бар шығар. Соларға тоқтала кетсеңіз.

- Әрине, бар. Тіпті, олар жетіп артылады десек артық болмас. Ағымдағы жылы шілде айында облыстың мәдени өмірінде өте жағымды жаңалық болды. Облыстық мәдениет басқармасы Іскер жетекшілердің глобалді клубының «Басымдылық үшін» атты Халықаралық сыйлығына ие болып, сертификатпен марапатталды.

Сыйлық құрылтайшысы - Іскер жетекшілердің глобалді клубы (Global Trade Leaders Club) әлемдегі 95 мемлекеттен 7500 мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-серіктестіктерді құрайды. Клуб сыйлығы мәдени қызметті сапалы, жетекшілік және инновациялық бағыттағы шараларды жүзеге асырған нышандарға беріледі.

Глобалді клуб Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының елімізде ұйымдастырылып, өткізілген жаңа жобалары мен бағдарламаларының жетекшілігін, оның Ресей, Турция, Украина, Белоруссия, Бол­гария, Испания, Қытай сынды елдермен мәдени қарым-қатынасын, облыстағы     ақпараттық     қоғамның құрастырулары бойынша креативтілігі мен инновациялығына жоғары баға берді. Біз сол үшін де жоғарыда аталған Халықаралық сыйлыққа ие болдық.

Жалпы мәдени қызмет әлемдегі әртүрлі елдердің диалогі іспеттес. Ол -халықаралық бағдарламалардың арқасында өзге де ұлттардың бір аланда кездесіп, бір-бірін танып білуге әкелетін жол. Атап айтқанда, облыстың мәдениет басқармасы шетелдік делегаттардың қатысуымен «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі», «Шығыс шынары» мүшәйрәсі, «Халықаралық бал» фестивалі, «Ағажай Алтай» фольклорлық фестивалі сияқты маңызды шараларды өткізуге ат салысты. Шығыстың шығармашылық ұжымдары Ресей, Болгария, Испания, Турция, Украина, Татарстан елдерінде ұйымдастырылып отырған байқауларға үнемі қатысады.

Біздің облыста алғашқы рет республикалық «Жан серігім гитара», «Жыршылар байқауы», Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің «Өз елім» атты республикалық фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы жылы мәдениет мекемелерінің қатысуымен «Шығыс Қазақстанның жеті кереметі» виртуалды байқауын, Қазақстанда бірінші құрылған Достық үйінің 20 жылдығына арналған «Достық» стелласы, «Достықтың жол картасы» атты республикалық акция өткізілді.

2012 жылдың сәуір айында облыстық Жамбыл атындағы драма-театрының қазақ труппасы Турция Республикасының Конья қаласында өткен V Халықаралық түркі тілдес театрлар фестиваліне қатысып, «Атымды адам қойған соң» қойылымын сахнаға шығарды. Сонымен қатар Семей қаласының Абай атындағы музыка-драма театры "Бір түп алма ағашы" атты спектаклімен Қытай Халық Республикасының Алтай және Үрімші қалаларына гастрольдік сапарда болып, біздің жетекші шығармашылық ұжым Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің Барнауыл қаласында өнер көрсетті.

Маусым айында Өскемен, Семей, Риддер қалаларында Нүрғиса Тілендиев атындағы фольклорлық-этнографиялық оркестрдің гастролдік концерті өтті. Сондай-ақ «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында Қытай Халық Республикасының өнер ұжымы Өскемен, Зайсан, Семей қалаларында өнер көрсетіп, көрермендер қошеметіне бөленді.

Тағы бір атап айтатыным, биыл Астана қаласында «Шұғылалы Шығыстан – Еңселі Елордаға» тақырыбындағы Шығыс Қазақстан облысының күндері де жоғарғы дәрежеде өткізілді.

Өңіріміздің өнерді сүйер қауымы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов атындағы әншілердің «Менің Қазақстаным» атты Халықаралық ән байқауын, республикалық «Ағажай-Алтай» атты жұлдызды кешін, республикалық ақындар айтысын, Әсет Найманбаевтың «Інжу-маржан» атты республикалық дәстүрлі орындаушылар    конкурсын    өте    жылы қабылдап, бұл шаралардан зор рухани қанағат алды. Алыс және жақын шет елдермен, республиканың басқа аймақтармен мәдени қарым-қатынасымызды нығайта түсуді мақсат еткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері Турция және Татарстан Республикаларында, Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің Барнауыл қаласында, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында биік дәрежеде өткенін де атап айтқан жөн.

Біздің өнерпаздарымыз мамыр айынан бастап барлық өңірлерде өткізілген республикалық «Ел іші – өнер кеніші» атты халық шығармашылығы байқауында да үздік үштіктер қатарына шықты. Міне, тізе берсек, мәдени өмір саласындағы, өнерді дамыту жолындағы игі істеріміз толып жатыр.

Әрине, бұл жетістіктерге мемлекетіміздің және облыс басшылығының мәдениетті дамытуға, оны қаржыландыру және материалдық-техникалық базасын нығайтуға оңды қарауының арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Киелі Тәуелсіздігіміздің 21 жылдық мерекесінде мәртебемізді өсірген мына жағымды жайды айтпай кетуге болмайды. Мәдениет және өнер саласында сіңірген еңбектері үшін мемлекеттік наградаға ие болғандар қатарында біздің облыстың да мәдениет қызметкерлері болды. Олардың ішінде «Парасат» орденімен Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев, II деңгейлі «Достық» орденімен Семей қаласындағы «Театр-сервис. «Жаңалық» МКҚК директоры Яков Горельников, «Құрмет» орденімен Шығыс Қазақстан облысы А.С. Пушкин атындағы кітапхананың директоры Қабиба Ақжігітова марапатталды. Ал Абай аудандық Мәдениет үйінің әншісі Бақыт Шағатаева «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, мен өзім Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болдым. Мен мұны ұжымның, сала қызметкерлері еңбегінің бағалануы деп түсінемін.

- Өте жақсы. Осындай игілікті істеріңіз алдағы жаңа 2013 жылда жалғасын табатын болар. Сіздерге енді Жолдау қандай міндеттерді жүктейді деп ойлайсыз?

- Бұған тағы да «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған қағидаттар тұрғысынан келген жөн болар. Елбасы Тәуелсіздік жылдарында жаһандануға қарамастан біздің мәдени іргетасымыз беки түскенін атап көрсетті.

Ол «Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп қадап тұрып айтты.

Міне, облыстық мәдениет басқармасы мен жер-жерлердегі мәдениет мекемелері өздерінің іс-қызметтерін осындай талаптар үдесінде құруға күш салады. Біз жоғарыда айтылғандай мәдени шараларды, шығармашылық ұжымдарының жұмысын жаңа мазмұнда, көркем әрі тартымды етіп шығаруға тырысамыз. Бұл шаралар мен шығармашылық жобаларда Жолдауда белгіленген әлеуметтік тұрмыс түйткілдері, жастар тәрбиесі, ұлтаралық достық пен келісім, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу сияқты тақырыптарды қамту өзекті міндетке айналады.

Әрине, біздің іс-қызметіміз барлық жағынан терезесі тең болып тұр деп айта алмаймыз. Қиындықтар мен проблемалар жетіп артылады. Талай ауылдық жерлерде мәдени қызмет ақсап жатыр. Мәдениет қызметкерлері жетіспейді. Олардың жалақылары мардымсыз.

Десек те, біз қиындық атаулыларды жеңе отырып, Елбасымыз өсиет өткендей, ең асыл қасиетіміз – ел бірлігін сақтау, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолында барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

- Рахмет. Жақсылық Мұқашұлы! Біздің әңгімеміз жаңа 2013 жылдың қарсаңында болып отырғандықтан, әріптестеріңізге, газет оқырмандарына айтар ізгі тілектеріңіз болар.

- Әлбетте. Әріптестерімді өнерді сүйе, бағалай білетін жерлестерімді келе жатқан жаңа жылдарымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл сіздерге жаңа бақыт, жаңа табыс әкелсін!

Әңгімелескен: Болат Салықбаев.

г. Өскемен. 27 желтоқсан 2012 жыл.