Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

Рейтинг@Mail.ru

Әлімжан Қадылбекұлы. Ақбауырға енді алаңдамайтын болдық

Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы шілде айында Ұлан ауданындағы іссапары кезінде Ақбауыр тарихи-мәдени ескерткіш кешенінде болып, мұқият танысып шыққаннан кейін ескерткіш орналасқан жерді ауданның мемлекеттік жер қоры қарамағына өткізу, кешеннің төңірегін қоршау, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай қорығының бөлімшесі ретінде ашық аспан астындағы мұражай ашу жөнінде тапсырма берген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, алты мың жылдық тарихы бар Ақбауыр табиғи-тарихи ескерткіш кешеніндегі сан ғасырлар бойы сақталған құнды жәдігерлер қазіргі уақытта құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл күндері осы кешенге келіп-кетуші адамдар қатары үлғая түсуде. Солардың арасында жартастар мен тақтастарға салынған көне жазулардың, суреттер мен бейнелердің жанына өз аты-жөндерін ойып жазып, бүлдіріп жатқандардың әрекеті үдеп барады. Оларға тосқауыл қойылмаса еліміздегі бірегей ескерткіштен ештеңе қалмауы да мүмкін. Кімнің келіп-кетіп жатқаны бақылауға алынбаған. Осындай келеңсіздіктер жайында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Фрунзе Жақсылықов пен алқа мүшесі Нұрғазы Сапарғалиев бұған дейін өздерінің жанайқайын біздің газет арқылы білдірген еді.

Ақбауыр Ұлан ауданының аумағында Өскемен қаласынан 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Осыған орай Ақбауырды қорғау мәселесін назарда ұстап отырған аудан әкімі Жомарт Мұратовқа жолығып, істің мән-жайын білген едік. Ақбауыр кешені орналасқан өңір жеке меншік иелігіндегі  жерде тұр. Бұл кешеннің төңірегінде бес бірдей жеке шаруа қожалығы өздеріне тиесілі учаскелерде жерге иелік етіп, малдарын өсіріп жатыр. Олардың негізгі табыс көзі де мал өнімдеріне байланысты болып отыр. Қазіргі кезде ең алдымен ескерткіш кешеніне арналған өңірді мемлекет меншігіне өткізіп алу жұмыстары қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстармен Ұлан ауданының әкімдігі айналысуда.

- Шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, әңгімелестік. Сол бес шаруашылықтың ең ірісі Жаңабай Әшімовтікі. Ол осы бастаманы қолдайтындығын білдірді. Біз бұл шаруашылықтардың өркендеуіне ешқандай кедергі келтірмейміз, бірақ олардың қоралары Ақбауыр кешенінің ішінде, нақтырақ айтқанда, шетіне таман тұр. Алдағы уақытта шаруа қожалықтары пайдаланатын жерлерді нақтылап шешіп береміз, - дейді Ұлан аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Марат Тәкежанов.

Аудандық мәслихаттың сессиясын да бұл мәселе қаралып, Ақбауырға тиесілі жердің құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік акті алуға 150 мың теңге бөлінді. Бұған қоса, Ақбауырдың бас жоспарын жасау үшін 11 миллион теңге қажеттігін аудан мамандары есептеп шыққан.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Сағыр» шаруа қожалығының жетекшісі Жаңабай Әшімов, Ұлан аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Марат Тәкежанов, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының аға ғылыми қызметкері Галина Петенева, мемлекеттік жерге орналастыру ғылыми-өндірістік орталығының шаруашылық жүргізу құқығындағы Шығыс Қазақстан еншілес мемлекеттік кәсіпорнының бас технологы Алексей Харитоненко Ақбауыр кешенінің жер көлемі мен шекарасын белгілеу шараларына қатысты. Білікті мамандар ескерткіш кешеніне бөлінген учаскені мемлекеттік картаға енгізу үшін арнайы құрылғымен фотожоспарға түсірді. Топографиялық негіздеме бойынша жерге мемлекеттік акт беріледі.

- Ақбауырды қорғауға алу көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе ғой, - дейді Жаңабай Әшімов бізбен әңгімелескенде. – Жасыратыны жоқ, осы кешеннің маңайында жүріп, біз де соған ешуақытта көңіл аудармаппыз. Жер бөлу мәселесі бойынша мұражайдың мамандарымен бірнеше рет келіп, мұндағы тарихи жәдігерлерді көргеннен кейін кешеннің маңыздылығына көзім жетті. Расында, бұл үлкен тарихи ескерткіш көрінеді. Тарихи мұраны сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру жөніндегі бастаманы қолдаймын. Бұл – жалғыз менің шаруашылығымның ісі емес, бүкіл елдің, халықтың ісі. Мен осы жерге АҚШ-тан, басқа да шетелдерден келген азаматтарды, Мәскеуден келген оқушыларда көрдім. Мұндай тарихи орындар Ұлан ауданының көп жерінде бар. Ертеректе ғалымдар келіп, осы жақтан ұлттық парк ашамыз деген де сөз болған, бірақ соның бәрі аяқсыз қалды. Енді қазір өркендеп келе жатқан елімізде, меніңше, қаражат табылып, осының бәрін орнына келтіріп, ары қарай дамытады деп ойлаймын. Отансүйгіштік, ең алдымен, тарихты құрметтеуден басталады.

Алексей Харитоненконың айтуынша, Ақбауыр ескерткіш кешенінің аумағы 370 гектар көлемінде белгіленіп, картаға түсірілді. Ақбауыр кешеніне оның сілемдері Қоржынбай, Қызылтас (Сорокин тауы) таулары енгізілмепті. Мұнда да обалар мен таңбалы тастар көп екен. Бұл тауларды да кешеннің құрамына қосып, аумағы қосымша 19 гектар жер есепке алынып, картаға түсірілді.

Енді бұл өңірдегі шекарасы белгіленген тарихи-мәдени кешен облыстық маңыздағы тарихи-археологиялық ескерткіш ретінде ресми түрде мемлекет тарапынан қорғауға алынады. Сондай-ақ ескерткіш кешенінің төңірегі қоршалып, көне жәдігерлерді қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынады.

Самар тас жолының бойындағы Қоржынбай және Қызылтас тауларының етегіндегі ежелгі молалар бір-бірімен жалғасып жатыр. Қола дәуірінен басталатын осындай ескерткіштердің бір жерде шоғырлануы Қазақстанда сирек кездеседі екен. Жер қыртысы өзгеріске ұшырағанымен әр дәуірден қалған 50-60 қорған осы таулардың етегінде жатыр. Солардың ішінде ғылыми тұрғыдан алып қарағанда үш моланың маңызы ерекше көрінеді.

- Шаруа қожалықтарының жетекшілері үйлері мен қора-жайларын санитарлық-гигиеналық талаптарға сай реттеуі тиіс. Олар киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар мен сусындарды, сый-кәделік бұйымдарды әзірлеп, туристерге қызмет көрсету жағын да негізгі жұмыстарымен қоса орайластыра жүргізгенін қалар едік. Туристер кешенді аралап шығуы үшін мініс аттары қажет. Қожалық жетекшілері жылқы өсіріп, туристерге қолайлы жағдай жасауға өз үлестерін қосар деген ойдамыз. Қазіргі кезде кезең-кезеңімен атқарылатын іс-шаралардың қажетті құжаттарын дайындап жатырмыз. Келесі жылы көктемде ескерткіштің төңірегін қоршау жұмыстарын қолға аламыз, - дейді облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев.

Әлімжан Қадылбекұлы

г. Дидар, 2011 ж. 17 қазан.