Комсомол аралында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Өскемен қаласы күнін мерекелеу аясында «Еркін ұшу 2018» әуе батпырауықтарының екінші фестивалі өтті. Ұйымдастырушылар - халықтар этнографиясы және азсанды этнотоптар бөлімінің қызметкерлері.
Жастар экологиялық кешенінің орталық алаңында өткен фестиваль жиналған қала тұрғындары үшін нағыз мереке болды. Көпшілігі балаларымен бірге келіп, әуе батпырауықтарын ала келген. Көрермендер әуеге ең биік көтерілген және ұзақ тұрған, бірегей батпырауықты анықтады. Жеңімпаздардың ішінде оқушы Роман Полев, Әміржан Баянаев, Виктория Колотей және басқа да балалар болды. Жеңімпаздарға жүлде ретінде музей көрмелері мен павильондарын тегін аралауға абонементтер ұсынылды. Айта кету керек, батпырауықты ұшырған ең жас қатысушы Софья Смирнованың жасы екі жаста.