Қазір мұражай-қорықта төменгі сынып оқушыларына арналған жаңажылдық көңілді ертеңгіліктер өтуде. Қ.Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы ғимаратта бұл уақытта қызған аншлаг. Ғылыми-ағарту және көпшілікпен жұмыс бөлімінің қызметкерлері қала мектептерінің оқушылары үшін өздері ертегі кейіпкерлері болатын қызықты ойындар дайындады.
Сценарий бойынша айлакер Жалмауыз кемпір, Орман перісі және Мысықпен бірге жаңажылдық мерекенің өтуіне кедергі жасау үшін Аяз атаның таяғын ұрлап кетеді. Балалар Қаршақызбен бірге оны тез арада іздеулері керек болады. Бұл жолда олар көптеген оқиғаларға тап болады, Жалмауыз кемпір бірнеше рет балаларды алдап кетуге әрекеттеніп, сиқырлы таяқты біресе гүлмен, біресе шыбықпен ауыстырып қояды. Бірақ ол әрекетінен ештеңе шықпайды.